Шымкент қаласындағы Ынтымақ елдімекені көшелері асфальтталуда
Шымкент қалалық Абай ауданына қарасты Ынтымақ шағын ауданында бүгінде 9 мыңнан аса халық тұрады. Шағын аудан аумағында 2600 жеке секторлы үй, бір мектеп, төрт балабақша және бір спорт алаңшасы орналасқан.
Қазіргі таңда Ынтымақтағы 67 көшенің 39-ына асфальт жабыны төселгенсе, 24-і тас жол, қаған төртеуі топырақ жол. 2025 жылға қарай шағын аудандағы барлық көшеге асфальт төселмек.
- Мемлекет басшысы Жолдауында автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керектігін айтты. Сонымен қатар Президент 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма берді. Бұл бағытта атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының ауқымы кең. Мәселен, өткен жылы Сызған, Аққамшы, Ақдидар, Мұхит, атауы жоқ 1,2,3 көшелері, яғни жеті көше жөнделген. Биыл Ақжұлдыз, Жібек жолы, Бозжусан, Жаңақұрылыс көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілсе, көрсеткіш 79 пайызды құрайтын болады, - дейді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Жалпы 2025 жылға дейін жол құрылысы жұмыстарын толық аяқтау жоспарланған. Мәселен, 2024 жылы 10 көше, атап айтқанда Қорғанкөл, Белсаз, Берен, Шауғар, Көкжал, Шұбартау, Қыз Жібек, Шохбутова, Тайбурыл, Темірші көшелеріне асфальт жабыны төселеді деп күтілуде. 2025 жылы алты көше – Қозыкөрпеш көшесінің біріншіден алтыншы өткеліне дейінгі аймақтары жөнделсе, асфальтталу жұмыстары сонымен мәресіне жетпек.
Сонымен қатар биыл Кәдесый, Шерғала, Қорғанкөл, Ұшан, Жаңатілек көшелерімен бірге №54 мектепке баратын көше жолы бойы жарықтандырылады. Келесі жылдан бастап «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сәйкес аталған шағынаудан талшықты интернет оптикамен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, шағынауданда №55, 12, 138, 55 А бағыттағы қоғамдық көліктер қатынайтын болады.
Жалпы Ынтымақ елдімекені алдағы жоспарға сәйкес тазаауыз су, электр жарығы, табиғи газбен толық қамтылмақ.