Шымкент қаласында 145 отбасына тұрғын үй сертификаты берілді
Шымкент қаласында мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан көпқабатты баспаналар саны жылсанап артуда. Қала құрылысының жандануына серпін берген «Нұрлы жер», «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ» және «Өңірді дамыту» бағдарламалары мен жобалары.
Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Байымбетовтың айтуынша, Шымкентте мемлекеттік жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар арқылы баспаналы болған тұрғын үй кезегіндегі 145 отбасыға тұрғын үй сертификаты берілген. Қайтарымсыз негіздегі әлеуметтік көмекті алушылар қатарында 60 көпбалалы отбасы, 13 толық емес отбасы, 68 ерекше бала асыраушы отбасы бар. Тұрғын үй сертификатына өтінімдер www.kezekte.kz интернет ресурсы арқылы қабылданған.
- Президентіміз Жолдауында жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аударып отыр. Сондай-ақ тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу тапсырылды, - дейді ол.
Бұл жеңілдікке азаматтар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ» бағыттары шеңберінде тұрғын үй сатып алу барысында банк мақұлдауын алғаннан кейін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін өтінім жолдай алады.
Жыл соңына дейін мемлекеттік бағдарламалар аясында 324 арендалық пәтер түрлі санаттағы азаматтарға, 888 пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға, 1919 пәтер несиелік негізде берілу жоспарлаған. Оның ішінде қазіргі таңда жыл басынан бері тұрғын үй кезегінде тіркелген 1293 азамат ипотекалық негізде Отбасы банк арқылы баспаналы болған. Яғни, 1047 пәтер «5-20-25» бағдарламасы бойынша, 246 пәтер «2-10-20 Бақытты отбасы» бойынша рәсімделді.