Шымкент қаласында тоқыма өндірісінде серпіліс бар
Шымкент қаласында жеңіл өнеркәсіп өндірісі жақсы жолға қойылған. Бүгінгі таңда қалада жеңіл өнеркәсіппен айналысатын 173 кәсіпорын бар. Оның 45 пайызы тоқыма бұйымдарын шығарумен айналысады.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға басымдық берген. Президентіміз «Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап» дейді. Жалпы аймақтағы кәсіпкерлік бастамаларды дамыту мақсатында жуырда «OTANDYQ KILEM FORUMY» форумын өткіздік. Оған шаһарда жұмыс істеп тұрған 400-ден астам бизнес өкілдері қатысты. Мегаполисте кілем өндірісінің дамуына ықпал етіп, өңіраралық ынтымақтастыққа жаңа серпін беру мақсатында ұйымдастырылған жиын өз нәтижесін берді, - дейді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Қарап отырсақ, соңғы үш жылда тоқыма өнеркәсібінде өндіріс шаһарда 10 пайызға ұлғайған. Ал оған тартылған инвестиция көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 2,3 есеге артыпты.
Мемлекет басшысының Жарлығымен өңірде мақта-тоқыма кластерін құрып, дамыту мақсатында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Тоқыма компанияларына салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Қазіргі таңда қалада жалпы құны 58 миллиард теңгені құрайтын 35 жоба іске асырылуда. Кәсіпорындарда 2,5 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс істеуде.
- Қаладағы тоқыма саласының көшбасшысы болып табылатын өндіріс ошағының бірі «Бал текстиль» компаниясы. 10 жылдан бері нарықта келе жатқан компания 4 инвестициялық жобасын жүзеге асырып, онда 300-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Жылына 8,5 миллион кілем тоқып, нарыққа шығарады. Бұл компания бүгінде кілем бұйымдарымен қатар төрт мың тонна синтетикалық иірімжіп шығаруға қауқарлы. Кәсіпорын тарапынан Ресей, Қырғыз, Өзбекстан, Тәжікстан елдеріне 5 миллиард теңгенің заты экспортталған, - дейді қала әкімі.
Жалпы тоқыма өнеркәсібі саласында жүрген кәсіпкерлердің форумы қаладағы тоқыма саласын дамытуға жол ашатын кездесу болды деп санайды қала билігі. Онда көтерілген жаңа бастамалар сала өкілдерінің тәжірибе алмасуына, іскерлік байланыстарды жандандыруға жол ашқаны анық.