Шымкент қаласында 65 жанұя қоныс тойын тойлады
Шымкент қаласында баспаналы болған азаматтар қатары артып келеді. Жалпы баспана әрбір адамның арманы. Бүгінде мемлекет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламалар мен жобалар ел азаматтарының баспаналы болуына жол ашуда. Әсіресе, жастарды қолжетімді баспанамен қамту – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттердің бірі болып отыр.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық экономика құрылымында баса мән беріп отырғаны халықты тұрғын үймен, таза ауыз сумен, көгілдір отынмен, жалпы қала мен ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеру. Яғни, мұның барлығы құрылыс саласымен байланысты екені де белгілі. Қазіргі таңда құрылыс саласы бойынша шаһарымызда көп жұмыстар атқарылу үстінде. Бүгінгі таңда екі жүзге жуық көпқабатты тұрғын үй салынуда. Соның бірі жуырда, дәлірек айтсақ, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде берілді. 65 пәтерден тұратын көпқабатты тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғызылған. Арендалық баспанаға көпбалалы 50 отбасы қоныстандырылды. Одан бөлек, 15 пәтер халықтың әлеуметтік әлсіз тобындағы толық емес отбасыларға, 1 және 2 топ мүгедектігі бар азаматтарға берілді, - дейді шаһар басшысы Мұрат Әйтенов.
Жалпы Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегіне санаттар бойынша тіркелген азаматтарға 324 пәтер, жастарға 888 пәтер, несиелік бағытта 2037 пәтер берілу жоспарланған.
Пәтер алу кезегіне тұрған азаматтар бүгінгі таңда «Нұрлы жер», «5-20-25», «2-10-20» және «Бақытты отбасы» бағдарламалары аясында баспаналы болуға тырысуда. Осы бағдарламалар бойынша шаһарда 902 азаматтың өтініші оң шешімін тауып отыр екен.
- Баспаналы болу әрбір жас отбасының арманы. «Бақытты отбасы» бағдарламасы туралы ақпаратты әлеуметтік желіден оқып, құжатымызды жинастырдық. Төлем қабілетіміз де екінші денгейлі банк талаптарына сәйкес келді. Атап өтерлігі, біздің отбасымызға бұл бағдарламаның үлкен көмегі тиді. Конкурстан өту үшін, ең бастысы, бағдарлама талаптарымен жіті танысып, құжаттарды дұрыс жинау керек. Сондай-ақ, өтініш берушілерге тапқан үйіңіздің құжаттарын қаржы орталығына бармай жатып, мұқият тексеріп алуға кеңес беремін. Өйткені, үйге қатысты банктің қатаң талаптары бар. Таңдаған үйіңіз сол талаптарға сай әрі құжаттары дұрыс болуы қажет. Бүгінгі таңда «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында беріліп жатқан Үкіметтің қолдауы өте тиімді. «Біріншіден, бастапқы жарнасы 5 пайыздан аспайды, несие бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 5 пайыз. Ал несие мерзімі – 19 жыл. Балаларымыз есейгенше бұйыртса, ипотекамызды толық төлеп бітіреміз. Қатысушылар 13 миллион теңгеге дейінгі сомада үй таңдай алады. Бұл өте тиімді. Себебі, қазіргідей қымбатшылық заманда жастар өздігінен мұндай қаражатты жинай алмайды ғой. Мен жұбайымның бастамасымен, соның атынан баспаналы болып отырған жайымыз бар, - дейді осы бағдарлама аясында баспаналы болған Мұхит Мұратұлы.