Шымкент қаласында биыл 170,8 шақырым жолға асфальт төселмек
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Еңбекші ауданы тұрғындарымен болған кездесуінде биыл бұл ауданда бірқатар жолдардың жөндеу көретінін айтқан болатын. Жалпы жол мәселесі шаһарда кезең-кезеңмен шешімімін тауып, орта және күрделі жөндеуден өткізілуде.
Жолдың жайын жүрген білер. Бүгінгі таңда қала ішіндегі жолдар орта, ағымды жөндеуден өткізіліп көлік қозғалысы қалпына келді. Қыс пен көктемгі жауын-шашыннан кейінгі шұқанақтар асфальтпен толтырылып, жолдар жөнделе бастады. Бұл жұмысы «Жасыл ел – Шымкент» мекемесінің қызметкерлері талапқа сай атқару үстінде. Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде Үкіметке тапсырма бергені белгілі. Бұл жұмыстар Шымкент қаласында тиісті деңгейде атқарылуда.
Дегенмен тұрғындар тарапынан жолға қатысты көп сын айтылып та жататыны белгілі. «Біз ол қолайсыздықты жою мақсатында жаңа жобаларды қабылдап, жаңаша бағыта жұмыс істеуді қолға алдық. Жалпы қала аумағына қазір 728 көше мен бір өткел бар. Былтыр 86,4 шақырымды құрайтын 132 көшеге жөндеу жүргізілген болатын. Сонымен қатар «Базарқақпа» тұрғын алабындағы Сайрам су өзенінен өтетін көпір қайта жаңғыртылып, тұрғындардың игілігіне тапсырылған. Қаланың үш жылдық даму жоспарына сәйкес биыл бұл ауданда 73 көшеге асфальт жабыны төселеді» дейді қала әкімі.
Жалпы, Шымкент қаласында бүгінде 300 шақырымды құрайтын 276 нысанда құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Қала басшысының айтуынша жыл соңына дейін 170,8 шақырым жол асфальтталып, пайдалануға беру жоспарланған. Алып шаһарда автокөліктердің саны жыл сайын артып келе жатқанын, қала тұрғындарының саны миллионнан асқанын ескерсек, қолға алынған жұмыстың шымкенттіктердің жайлы өмірі үшін ерекше маңызды екенін аңғаруға болады.