Шымкент қаласының әкімі Ұлағат пен Жұлдыз шағынаудандарының тұрғындарымен кездесті
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесуі жалғасуда. Жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Еңбекші ауданына қарасты Ұлағат пен Жұлдыз шағынаудан тұрғындарымен кездесіп, есеп берді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажет. Жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұрандардан жалықты. Халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс-жүзінде орындағанын қалайды» деп, билік жұмысын ширата түсуді тапсырды. Бүгінгі таңда ауылдық округ әкімдері Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа алып жұмыс істеп жатқаны соның айғағы.
- Жолдау жүктеген міндеттер сәтімен жүзеге асырылып келеді. Ең алдымен осы тұжырымдаманы ілгерілету мақсатында қараша халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей отырып, олардың өтініштерін назардан тыс қалдырмаймыз. Президен Жарлығына сәйкес, өзіме қарасты қаладағы аудандарда әр тоқсанның қорытындысы бойынша кездесулер ұйымдастырып, онда сол аралықта атқарылған жұмыстарды кеңінен баяндаудамыз. Атап айтар болсақ, шағынаудандарда жоспарлы жұмыстар жүйелі атқарылуда. Көшелерге асфальт жабыны төселіп, жарықтандырылуда, - дей келіп, Мұрат Әйтенов Ұлағат пен Жұлдыз шағынаудандарында және бүгінге дейін қала аумағында атқарылған жұмыстар мен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын баян етті.
Қала басшысының айтуынша, Еңбекші ауданы аумағындағы 29 шағынаудан мен тұрғын алаптардың халық шоғырланған негізгі бөлігіне бүгінде инженерлік жүйелер тартылған. Ондағы халықтың 94,5 пайызы таза ауыз сумен, 98,3 пайызы электр жарығымен, 90,7 пайызы табиғи газбен қамтылған.
Кездесуде шағынаудан тұрғындары көкейлерінде жүрген мәселелерді көтеріп, әкімнің назарына жеткізді. Онда тұрғындар тарапынан көтерілген басты мәселе шағынауданды орталық кәріз жүйесіне қосу болды.
- Шағынаудандағы өзекті мәселенің бірі - кәріз жүйесі екені белгілі. Бұл мәселе шаһарымызда кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бүгінгі таңда Ұлағат шағынауданында басталған кәріз жүйесінің құрылысын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ал Жұлдыз тұрғын алабындағы 27 көпқабатты тұрғын үйді кәріз жүйесімен қамту мақсатындағы құрылыс жұмыстары да өндірістік кестеге сай жүргізілуде. Жоспарға сәйкес осы айда пәтерлерді абоненттеу жұмыстары басталады, - дей келіп, қала әкімі алдағы жоспарларымен де бөлісті.
Кездесуде Еңбекші ауданы мен шағын аудан әкімдері мен сала басшылары азаматтар тарапынан түскен барлық сұрақтарға жауап берді. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға халықтың талап-тілектерін дер кезінде орындап, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін ескертті.