Сапалы тұқым өндіреді
Сайрам ауданының ауыл шаруашылығы саласына үлес қосып отырған ірі кәсіпорындардың бірі - “Алтын-Төбе” өндірістік кооперативі.
Бұл кәсіпорынның негізгі қызмет бағыты – дәнді және бұршақ дақылдарының сапалы тұқымын өндіру. Кооператив ауданның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жергілікті шаруаларға өнімділігі жоғары тұқым жеткізу арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін көбейтуге ықпал етіп отыр. Нәтижесінде Сайрам ауданында егін шаруашылығының дамуы мен тұрақты өнім алуға мүмкіндік туып, ауыл экономикасының өрлеуіне жол ашылды.
1998 жылы құрылған “Алтын-Төбе” өндірістік кооперативі Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Құтарыс ауылдық округіне орналасқан. Кооперативтің нақты мекенжайы – Абай көшесі, 59-үй. Бұл кәсіпорын бүгінде ауыл шаруашылығы саласында сенімді серіктес ретінде танылған.
Қазіргі таңда кооперативте 50-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Маусымдық кезеңдерде қосымша жұмысшылар тартылады. Осылайша “Алтын-Төбе” ауыл тұрғындарына тұрақты табыс көзін ұсынып, әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуына үлес қосып отыр.
Кооперативке білікті басшы – Мақскт Әділбеков басшылық етеді. Ол өндірісті дамытуға, материалдық-техникалық базаны жаңартуға, заманауи технологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлуде.
Бүгінде “Алтын-Төбе” кооперативінің сапалы тұқымдары тек Сайрам ауданында емес, Түркістан облысы аумағындағы шаруашылықтар арасында да жоғары сұранысқа ие. Кооператив жыл сайын егістік алқаптарын кеңейтіп, өндірістік көлемін ұлғайтып келеді. Сонымен бірге мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер арқылы техника паркін жаңартып, қызмет аясын кеңейту мүмкіндігіне ие болып отыр.
Аудан экономикасының дамуына қомақты үлес қосып отырған “Алтын-Төбе” өндірістік кооперативі ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттырумен қатар, жергілікті халықтың әл-ауқатын көтеруге де өз септігін тигізуде.
С.СӘУЛЕБАЙ