Сайрамда ет экспорты артуда

Oinet.kz 11-07-2025 11

Экономикалық өсімге қол жеткізу жолында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңызы зор. 

Screenshot_3.jpg

Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін ішкі нарықпен шектелмей, шетелге шығару – басты міндеттердің бірі. Әсіресе, мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау бағытында оң нәтижелер байқалуда. Бұл тұрғыда Түркістан облысының ірі аудандарының бірі саналатын Сайрам ауданы айрықша көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр.

Аудан көлемінде  көптеген мал бордақылау алаңдары жұмыс істеп тұр. Бұл кешендерде бір мезгілде 42 мыңнан астам ірі қара мал бағылады. Күніне орта есеппен 3 мыңға жуық мал сойылып, өңдеуден өткізіледі. Өндірілген өнімдер ішкі нарықпен қатар шетелдерге де жөнелтіледі. Ауданда мал шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкерлердің саны жылдан-жылға артып келеді. Олар да аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда.

Асыл тұқымды мал басын көбейту бағытында да нақты жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Манкент ауылдық округіндегі «Шерзад-1» шаруа қожалығы 2024 жылы Дания елінен сүт өнімділігі жоғары саналатын «Джерсей» тұқымды 33 аналық сиыр сатып алды. Бүгінде бұл малдар төлдеп, мал басы артып отыр. Ерекшелігі – әр аналықтан тәулігіне 30-35 литр сүт алынады, ал сүттің майлылығы 6-9 пайызға дейін жетеді. Бұл – сапалы өнім өндірудің көрсеткіші.

2024 жылдың қорытындысы бойынша ауданнан 31,8 мың тонна ет экспортталды. Оның 19,6 мың тоннасы – ірі қара малының еті, 12,2 мың тоннасы – қой еті. Осы көрсеткіштердің арқасында аудан республика бойынша ет өнімін экспорттауда алдыңғы қатарға шықты.

Сонымен қатар, былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 130,2 миллиард теңге деп жоспарланғанымен, нақты көрсеткіш 137,9 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде 58 миллиард теңгесі өсімдік шаруашылығына, 79,9 миллиард теңгесі мал шаруашылығына тиесілі. Бұл – аудан халқының ауыл шаруашылығын кәсіби тұрғыда дамытып отырғанының айғағы.

Сайрам ауданының ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері алдағы жылдары да арта түспек. Себебі мал бордақылау алаңдарының саны мен көлемі ұлғайып, ет өңдеу кәсіпорындары мен экспорт көлемі артып келеді. Мұның барлығы аудандағы әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсартып, тұрғындардың табысын арттыруға сеп болуда.

С.АБЫЛБЕКОВА

Шұбалшаң өсірудің шебері
Сапалы тұқым өндіреді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу