Түркістан: Жаңа оқу жылында 21 мектеп ашылды

Oinet.kz 04-09-2024 388

57.jpg 

Бүгінде Түркістан облысының білім саласында инфрақұрылым қарқынды дамып, құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Осы орайда жаңа 2024-2025 оқу жылында өңірде жаңа 21 мектеп ашылды. Оның 6-ы мемлекеттік бағдарлама арқылы салынса, 15-і жекеменшік мектеп. Нәтижесінде, 4 мыңға жуық бала оқу жылын жаңа ғимаратта қарсы алды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Атап айтқанда, Қазығұрт ауданындағы Көкібел ауыл округінде орналасқан С.Рахымов атындағы жалпы білім беретін мектебі 1962 жылы салынған. Тозығы жеткен мектепте білім алып жүрген оқушыларға биыл жаңа ғимарат салынды. Онда спорт залы, лингофондық кабинеттер, асхана, робототехника кабинеті, ішкі әжетхана, психология және дефектология кабинеттері қарастырылған. Сондай-ақ, Төлеби ауданында ашылған Тағайна жалпы білім беретін мектебінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар үшін жеделсаты, пәндік кабинеттер бар. Ал Түлкібас ауданы Майлыкент ауылдық округіне қарасты Бақыбек мөлтек ауданында ашылған мектепте 1-11 сыныптың оқу бағдарламаларын оқытуға барлық мүмкіндіктер бар. Онда осы уақытқа дейін 50 орындық саманнан салынған бастауыш мектебі болған.

Сонымен қатар, облыста «Қазақстан халқына» қоры тарапынан 20 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның биыл 13-і пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, биыл облыстағы 4 апатты және 5 үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешіледі. Осы мақсатта 29 «Жайлы мектептің» құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Түркістанда 15 тұрғын үй пайдалануға беріледі
Сайрам: Әкім жеке қабылдау өткізді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу