Қоғамдық қабылдау Қарнақта жалғасын тапты

Oinet.kz 09-07-2024 1560

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Қоғамдық қабылдау бөлмесінің үйлестіруімен өткен «Құқықтық көмек» жобасы аясындағы мобильді көшпелі қоғамдық қабылдау бүгін Кентау қаласына қарасты Қарнақ елді мекенінде жалғасты. Партияның ұйытқы болуымен ашылған сындарлы пікір алмасу алаңында азаматтардың тұрмыстық ахуалын жақсарту, ауылдың өзекті деген мәселелерінің оңтайлы шешімдерін айқындау тақырыптары көтерілді. 

Screenshot_6.jpg

Өткізіліп жатқан көшпелі қоғамдық қабылдаудың мән-маңызын партияның Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева түсіндіріп өтті. «AMANAT» партиясы халықтың үніне құлақ асып, сайлаушылардың талаптарын бұлжытпай іске асыруға ниетті ықпалды саяси күш екенін айтты. 

Бұл бағытта азаматтардың сұраныстарын тыңдап, талап-тілектеріне үн қату мақсатымен облыстық деңгейдегі мемлекеттік органдардың жауапты өкілдерінің, құқық қорғау органдарының, сот орындаушылардың, өзге де құзыретті мекемелер мен ұйымдардың лауазымды азаматтарының облыстың шалғай елді мекендері тұрғындарымен кездесулері өтіп жатқанын мәлімдеді. Партия ашып берген алаң шын мәнінде азаматтарға қолайлы болып отырғанын жеткізді. Өйткені, азаматтар өздері көтерген сауалдар бойынша облыс орталығына сабылып жүрмей, қажетті ақпар мен кеңестерді ауылдарына арнайы келіп отырған жауапты өкілдерден алуға мүмкіндігі бар екеніне назар аударды.

Айта кету керек, «Құқықтық көмек» айдарымен өткен бүгінгі мобильді көшпелі қоғамдық қабылдауда Қарнақ ауылы тұрғындарының базынасын тыңдауға орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттерінің қызметкерлері, Түркістан облысы әкімдігінің салалық басқармаларының жауапты азаматтары, прокуратура, полиция, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері, сот орындаушылар, мемлекеттік функцияны атқаруға жауапты басқа да ұйымдар мен мекемелердің қызметкерлері қатысты. Партия ашып берген алаңда барлығы 40-тан астам мекемелер мен ұйымдардың өкілдері қарнақтық азаматтардың өтініштеріне құлақ түрді. 

Қабылдауға келген 150-ден астам азамат ауылдағы ортақ мәселелердің қатарында ішкі орамдық жолдарды жөндеу мәселесін көтерді, Ырмақ өзені бойын жағалай түзілген топырақ жолға тас төсеу керектігін айтты. Коммуналдық қызметтер саласында электр қуатының жиі сөнетініне наразылықтарын білдіріп, бағаналар мен желілерді жаңартып беруге, жаңа трансформаторлар орнатуға көмек беруін сұрады. Кентау қаласы мен Қарнақ ауылы арасында қоғамдық көлік қатынасын жолға қоюға өтініш білдіріп, ауылда аурухана ғимараты мен перзентхана салуды жоспарға енгізуді өтінді. Қарнақтың жаңа құрылыс аумақтарына ауыз су жетпейтінін айтып, тұрғындарға берілетін су көлемін ұлғайту мәселесін қозғады. Ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі болып табылатын егін шаруашылығы мен мал шаруашылығын қолдауға, Ырмақ су қоймасын күрделі жөндеуден өткізуге көңіл бөлуді өтінді.

Қарнақ ауылы тұрғындарының осы және өзге де мәселелері арнайы хаттамаға енгізілді. Тұрғындар сұраныстарының орындалуы партияның өңірлік филиалының тұрақты назарында болады.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Түркістан облысына қомақты қаржы көлемінде инвестиция тарту жөніндегі меморандумдарға қол қойылды
Түркістан облысының делегациясы қытайда маңызды келіссөздер жүргізіп, меморандумдарға қол қойды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу