Түркістан облысында жыл басынан бері 21 мыңға жуық сәби дүниеге келген
Түркістан облысы туу көрсеткіші бойынша еліміздегі көш бастап келеді. Өткен жылы аймақта 56 мыңға жуық нәресте туған. Ал, 2024 жылдың алғашқы 5 айында 20 мың 859 сәби дүние есігін ашқан. Бұл жайында Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды брифингте мәлімдеді.
«Ана мен бала денсаулығы – ел болашағының жарқын болуының негізі. Бүгінгі таңда облысымызда 500 мыңға жуық бала тууға қабілетті жастағы әйелдер бар. Оның ішінде 28 мыңнан астам әйел жүкті болып тіркелген. Сонымен қатар, 182 жасөспірімнің жүктілігі тіркеліп отыр. Осындай ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында өңірімізде 24-30 маусым аралығында «Репродуктивті денсаулығын қорғау» апталығы өтпек»- деді Бауыржан Нұрланұлы.
Апталықтың басты мақсаты - халықтың репродуктивті денсаулық мәселелері туралы ақпараттандыру, салауатты өмір салтын насихаттау және ұрпақты болу жүйесімен байланысты аурулардың алдын алу. Сондай-ақ, қазіргі таңда еліміздегі 10 миллионнан астам әйелдің 4 миллионнан астамы фертильді жастағы әйелдер болса, 6 миллионға жуығы балалар екенін жеткізді ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, ҚҚ Түркістан облысы "Әйелдер кеңесі” төрайымы Баян Жандосова.
Сонымен қатар, апталықтың ашылуына арнайы келген ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесi Назым Жанғазинова ата-ана мен бала арасында жоспарланбаған жүктілік жөнінде ашық әңгіме болуы керектігін айтып, ұлт болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі