Түркістан: Қала әкімінің кубогі үшін 42 команда бақ сынасады
Түркістан қаласы әкімінің кубогы үшін шағын футболдан турнир басталды. 3-6 ақпан аралығында "ОЛИМПИК" спорт сарайында өтетін додада 42 команда бақ сынайды.
Жарыстың ашылу салтанатында қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков: "Облыс орталығында бұқаралық спортты дамыту мақсатында, әсіресе тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға баулу бағытында жоспарлы жұмыстар жасалуда. Бүгінгі жаңа бастамамыз да соның жалғасы. Бұл турнирден бағы мен бабы келіскен шын мықтылар танылады деп сенемін!" деп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
"Түркістан орталық су спорты кешенінің" директоры Ғалымжан Хұдияров та аталмыш сайыстың мақсатына тоқталып, спортшыларға жылы лебізін білдірді.
Ашылу салтанатынан кейін командалар таңдалған жеребеге сәйкес ойынды бастады. Жалпы, шаһарда қала әкімінің кубогы алғаш рет өткізілуде. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, аталған турнир дәстүрлі түрде жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі