Кентау қаласында 25 жоба несиемен қаржыландырылған
Бүгінде Кентау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне кредит алу және құжаттарды дұрыс рәсімдеуге келген азаматтарға сапалы қызмет көрсетілуде.
Кәсіпкерлер палатасының Кентау қалалық филиалы басшылығының айтуынша, жыл басынан бері «Turkistan» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Кентау қалалық бөлімшесі арқылы 214 адамға консультация, 74 кәсіпкерге бизнес жоспары бойынша және 56 кәсіпкерге жобаларын сүйемелдеу бойынша көмек көрсетілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы кәсіпкерлікке қатысты айтқандары жұртшылық тарапынан қолау табуда. Президенттің әрбір Жолдауында ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаға айрықша мән берумен келеді. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Біз алдын ала сатып алу шараларын қолға алдық. Бұған қосымша оффтейк-келісімшарттарын енгізіп, «ҚазАгро» несиесі бойынша қарызды қайта құрылымдаймыз. Осы арқылы қаржыландыру мүмкіндігін кеңейтеміз. Қазақстанда 1 миллион 700 мыңдай жеке қосалқы шаруашылық бар. Бірақ олардың өнімі сауда орындары арқылы ресми түрде сатылмайды жəне өңдеу кəсіпорындарына жеткізілмейді. Мемлекетке бұдан салық түсіп жатқан жоқ. Онда жұмыс істейтіндер əлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған», дей келіп, агросаламен айналысатын кәсіпкерлердің түйткілді мәселені дөп басып айтқан болатын.
Бүгінгі таңда Кәсіпкерлер палатасының Кентау қалалық филиалы арқылы кәсіпкерлікпен айналысамын деген тұрғындарға бағыт бағдар беріліп, 300 миллион теңгені құрайтын 25 жоба қаржыландырылған. Кентау қаласы мен қалаға қарасты ауыл тұрғындары тарапынан несиелер алынған. Ол жобалардың 4-еуі мал шаруашылығын дамытуға, 6-ы айналым капиталын ұлғайтуға, 2-еуі бизнесті ұлғайтуға, 13-і автокөлік сатып алу бойынша алынған.
- Бұған дейін қала және қалаға қарасты ауыл тұрғындарын несиелеудің басты проблемасы олардың қолында кепілге салар мүліктің болмауынан туындады. Міне, сол себеп ұзақ мерзімге берілетін арзан қаражат үй шаруашылықтары үшін қолжетімсіз болып келді. Енді бұл мəселе мемлекеттің кепілдендіруі арқылы шешіліп отыр. Қорыта айтқанда, елімізде агросалада өң өзгерістерге бастайтын нақты бағдарламалар іске асырылуда. Ел экономикасының пандемия тудырған дағдарыстан кейін қалпына келіп, қарқынды даму жолына түсетінін аңғару қиын емес. Мемлекет басшысы ұсынған экономиканы сауықтыру шаралары ел болашағының кепілі болары анық, - дейді Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов.