Әке отбасы тірегі

Oinet.kz 23-11-2022 383

Түркістан облысы Сайрам ауданындағы Ақсукент ауылында орналасқан №7 Бабыр атындағы жалпы орта мектебінің мәжіліс залында жуырда «Әкелер мектебінің ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі» атты тақырыбта кездесу өтті.

Screenshot_31.jpg

Кездесуге «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ә.Сапарбеков, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Сайрам аудандық филиалының басшысы Б.Айтбаев, Сайрам аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған әкелер мектебінің төрағасы Ғ.Медеуов, «Сенімен Болашақ» РҚБ Шымкент қалалық филиалының директоры А.Көпеев, психолог-тренер Г.Тұранова, ауданның зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиынды қоғам белсендісі Базарбай Мамадиярұлы кездесуді ашып, жүргізіп отырды. Әкелер мектебінің төрағасы Ғ.Медеуов өз сөзінде «Әкелер мектебін» құрудағы мақсатымен таныстырды. 

– Әкелер мектебін құрудағы мақсат – отбасылық құндылықтарды сақтау, әкелердің бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру көзделген. Сонымен қатар ата-аналардың жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, тәрбие процесін ұйымдастыруда және басқаруда оқу орындарына көмек көрсету, балалардың қауіпсіздігін сақтау шараларын ұйымдастыру болып табылады – деді ол.

Ал Г.Тұранова «Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп ер адам тәрбиесін ауызға алады. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі» дейді ол.

«Әр отбасындағы әкенің рөлі ерекше. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшесінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Әке балаға жолдас әрі сырлас болу керек. Сондықтан дәстүрлі қазақ қоғамында тәрбие алған қазақ баласының әкеге деген құрметі ерекше болса, дұрыс тәрбие алған бала қоғамға пайдасын тигізетін азамат болып өседі» – деп ойын ортаға салды.

«Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Сайрам аудандық филиалының басшысы Б.Айтбаев «Әке – бала үшін тау тұлға. Бала әкеге қарап өседі. Әр әке баласына уақыт бөліп, кеңесіп отырғаны дұрыс. Жас ұрпақты отансүйгіш, адамгершіл, елінің, жерінің азаматы етіп тәрбиелеуіміз керек. Сол үшін барлығымыз бірлесе жұмыс жасап, ұйым жұмысын жандандырайық» – деп кездесуді қорытындылады. 

Кездесуге келген қатысушылар тақырып төңірегінде өз ойларымен бөлісіп, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.

Дәл осындай кеш М.Мұса атындағы орта мектепте де өз жалғасын тапты. Иманды, ибалы ұрпақ тәрбиелеу аға буынның басты борышы.  Ата-ананы ойландыратын да осы ұрпақ тәрбиесі болуы тиіс. Ұрпақ тәрбиесінің ұлт болашағы екенін ескерген М.Мұса атындағы жалпы орта мектебінде ұйымдастастыру алқасы ел ағаларын арнайы шақырып ұл балалардың  қатысуымен кітапханада бас қосты. 

Сауран аудандық әкелер мектебінің төрағасы Жұмағали Бекмурзаев, ауыл билері, ауыл имамы мен  қоғамдық ұйым жетекшілері қатысты.

- Балаға тәрбие беру кілті – ата-ананың қолында. Ата-ана мен мұғалім, қоғам бірлесіп жұмыс жасағанда ғана бала бойына ізгі қасиеттерді толығымен сіңіруге болады. Жасыратыны жоқ, кейбір ата-аналар бала тәрбиесіне салғырт қарап, өз баласының мінезін, баланың ішкі дүниесіне, дүниетанымы мен баланы не қызықтыратыны, немен шұғылданғысы келетіні туралы біле бермейді. Әке мен бала арасында байланыс болмаған соң әкенің қадір-қасиеті жоғалады, - дейді Жұмағали Бекмұрзаев. 

Ол  осындай олқылықтардың алдын алу мақсатында осындай көшпелі жиындар өткізіп қана қоймай, тәрбие сағатын өткізіп ортақ мәселелерді талқылап, жан-жақты тәрбие беріп баланың санасына сіңіре отырып  жұмыс істеу керек дейді. «Мұндай  тәрбиелік мәні зор жиындардың жұмыс жүргізуге оң ықпал етері сөзсіз» деді ол.

Басқосу барысында жас ұрпақтың өнегелі тәрбие мен білім алуының негізін қалаушы мектептің қоғамдық ұйымдар мен отбасы тәрбиесін ұштастыратын негізгі орталық қана емес, сонымен қатар, ата-аналардың тәрбие істеріне бағыт-бағдар беріп, оларды жан-жақты тәрбиелеуге де жұмылдыратын орын екендігін айтты мектеп директоры Шолпан Бектасқызы. 

- Дана халқымызда «Балаңды өз тәрбиеңмен емес, ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген қанатты сөз бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, біз халықтың нақыл сөзімен сусындаған, аталар сөзімен өсіп-өнген, даналар өсиетінен тәрбие алған, ұлылар тәрбиесіне тағзым еткен халықтың ұрпағымыз. Жастарды әдепті де саналы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен тәрбие ережелеріне сүйене отырып, ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған насихат-мұраларын жастардың санасына сіңіре білу – отбасында әкелердің басты міндеті болуы қажет, - дейді ол. 

Грант жеңімпаздары жобаларымен таныстырды
Кентау қаласында 25 жоба несиемен қаржыландырылған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу