Тұрмысқа шыққым келмейді, өзім үшін туа саламын

Oinet.kz 06-10-2024 719

Ешкімге ақыл айтқым келмейді... Бірақ көргенімізді, білгенімізді, ойға түйгенімізді жазып, көппен бөлісіп отыру керек сияқты. Ер адамға деген сенімсіздіктен бе, өзімшілдіктен бе (мүмкін басқа да себептері бар болар) кейбір қыздар "тұрмысқа шыққым келмейді, ана болғым келсе ЭКО жасатып, өзім үшін туып аламын" дегенді айтады.

Screenshot_24.jpg

Бұл сөзді өзім де біраз қыздың аузынан естігенмін. Сол кезде оларға бұл ойды санасынан шығару керек екенін айтқан едім. Себебі бұлай ойлаудың өзі дұрыс емес. Ол өзін ғұмыр бойы жалғыз өтуге дайындап жатыр. Сол ойлары күндердің күнінде іске асады. Не ойлайды,  сол орындалуы мүмкін. 

Одан да қыз баласы бойжетіп, ақыл тоқтата бастағаннан жақсы тілекте жүруі керек. Болашақта жаны таза, өзіне лайықты, шын сүйетін, қамқор бола алатын жар кездесе, тұрмысқа шықсам, балаларым көп болса деп жақсы ой ойлай бергені абзал. 

ЭКО-ға әйелдер еріккеннен бармайды. Бір перзентке зар болып, қаншама жыл көз жасын төгіп жүріп, емделіп, қомақты қаржысын төлеп сәби сүйіп жатады. Бір ЭКО жасағаннан бола салса жақсы... Қанша рет әрекет етсе де балалы болмай, жүйкесі сыр беріп жатқандар қаншама.

Бір ғана ана жайлы айтайыншы. Өзі сәби сүйе алмаған соң ағасының бір баласын асырап алады. Ағасының бұл баладан басқа бір ұл, бір қызы бар еді. Балалар өсіп, ағасы ұлын үйлендірем деп жүргенде, ұлы жол апатынан кетеді. Қайғыдан езіліп кете жаздаған соң қарындасына берген ұлын қайтып алады.

Сол кезде күйеуі қайтыс болып, сол асырап алған ұлының бетіне қарап отырған қарындасына да бұл жағдай ауыр соққы болып тиеді. Зорға есін жиып, не болса да өз құрсағымнан бір сәби сүйсем деген арманмен ЭКО-ға барады. Руы, тегі, әкесінің жасы жазылған құтыдағы "болашақ балалардың" ішінен "Албанды" таңдайды. Бәрі сәтті өтіп, іштегі сәбидің жүрегі соға бастағанда, ананың жүрегі жарыла жаздап жүрді. Әттең шарана жарық дүниеге келе алмады. Одан кейін тағы да ұзақ емделу, көз жасы ...  

Жасы да келіп қалған, тағы да үмітпен күту... Жап-жас, жалындап тұрған қыздардың өз уақытында теңін тауып, ана атанғаны қандай жақсы! Жақсы жар тауып, табиғи жолмен ана атанып, өсіп, өніп, бақытқа бөленіп жүргендері үлкен қуаныш, баға жетпес бақыт емес пе? 

Тобықтай сөздің тоқ етер түйіні, ой дұрыс болсын! Қыздарымыз  "Тұрмысқа шыққым келмейді. Өзім үшін туа саламын, ЭКО жасата саламын" деген  ойдан да, сөзден де аулақ болуы керек!

Фатима Жүнісова

Facebook парақшасынан

Қайын апамның ұлы менің қызымды зорламақ болыпты
Таяқпен жүретін жігіт душқа түсіп жатқанымызды видеоға түсірген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу