Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Болаттың үлкен әулеттің баласы екенін естігенде аздап секемденіп қалғанмын. Енем, енемнің енесі бар екен. Күйеуімнің төрт ағасы, үш әпкесі, бір қарындасы бар. Мен қолда қалатын кенже келін болдым. Бірақ сүйгендіктен ештеңесіне қарамадым.
Расында да ата-енем анау айтқандай қатал кісілер емес. Абысындарым еншілерін алып кеткен. Әпкелер де тұрмыста. Үйде тек қайынсіңлім бар.
Әжеміз беймаздау кісі боп шықты. Жасы келген адам, ұйқысы жоқ, таңнан кешке дейін ермегі менмін. Тамақ істесем де, аула сыпырсам да жаныма келіп алады. «Ойбуй, етті мұнша көп қосқаны несі? Тұзды үйіп салдың ғой. Байқасайшы, неге картопты ірі турадың?» деп араласады да жүреді. Бір жолы компот жауып жатсам «О, сорыңқұрығыр, шекердің бәрін суға ағыздың ғой. Әй, мына келіннің есі ауысқан ба?» деп алдымдағы шекерді алып қойды.
Енем былайша жақсы адам. Қатты сөйлемейді, әжеміз шағыстырып жатса «Үлкен кісі ғой, үндемей қоя сал, соның жасын берсін» деп басу айтады. Бірақ біртүрлі, баласын менен қызғанатын сияқты.
Төркінге барамын десем бітті, енем «өзің кете бер, Болатты әурелеме, демалысқа өзі әрең жетті, тынықсын» деп жолатпайды. Екеуміз барған күні енемнің түрі өзгеріп, қабағы түнеріп, басы ауырып қалады. Осы уаққа дейін тұрған перделердің жуылмағанын сөз етіп, кілемнің қағылмағанын айтып, жоқ жерден ұрыс шығара салады. Түсінбей-ақ қойдым.
Жақында ғана болған жағдайды айтып берейін. Құрдас келіншектер «қалада акция жүріп жатыр екен, екі етік алсаң, үшіншісі тегін. Бірге барайық, арзанға түседі» деді. Шынында да етігім тозып тұрған. Бұл ойымды күйеуіме айтып едім, келісімін берді. Қолыма ақшасын ұстатты. Енем құдалықта еді, күйеуім жіберіп тұрғасын ешкімге айтпай кеткенмін. Қалада көп бөгелмедім, ары кетсе екі сағаттай уақытта үйге келдім.
Келсем, енем үйде екен. «Мен сонда мына үйде кіммін?! Бір ауыз «кетіп барамын, етік керек» деп ескертсең болмай ма? Өздеріңе ақша бітіп, ақылдарың асып кетіпті ғой. Біз бір тұрған терек болдық қой...» деп небір ауыр сөздерді айтты. Сатып алған етігімді де кекетіп, «түрі бар болсын, немене бәле мынау» деп көңілімді су сепкендей басып тастады...
Қаланың қызымын, еркемін демедім. Анамның айтқаны бар, намысқа тырысып, бәрін тез-ақ үйреніп алдым. Қарашаңырақтың тірлігі біткен бе, таңнан тұрып сиыр сауамын, тамағы, кір-қоңы бар. Одан қалса әжемізге сәлем бере келетін туған-туыс бар, бәрінің бабын жасап жүрмін. Сонда соның бәрі бекер болғаны ма? Бір етік үшін осыншама ауыр сөз еститіндей не жаздым?
Шынымды айтсам, бәрінен шаршадым. Абысындарыма рахат, өз билігі өздерінде. Апта сайын келіп, ішіп-жеп кетеді. Жаздыгүні бала-шағасын біздің үйге жіберіп, бар тірлікті мойныма артып қояды. Осы күні соларға қарап қызығамын. Менің де бөлек шығып, жолдасыммен емін-еркін ойнап-күлгім келеді. Өзім қалаған тамақты пісіріп жесем, түсте бір мезгіл тынықсам деп армандаймын. Сенесіз бе, бұл үйде бір минут бос отыра алмайсың. Бітпейтін шаруа әйтеуір...