Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Кейде тату-тәтті, бір-бірін өлердей сыйлап, жақсы көріп тұратын отбасы, бауырларды көргенде ішім қыж-қыж қайнайды. Біздің де отбасымыз сырт көзге еш қайғысы жоқ, берекелі әулет болып көрінеді. Бәлкім шын мәнінде солай шығар.
Бірақ мен бауырларыммен араласудан қалдым. Студент болып үлкен қалаға арман арқалап келгесін, ауылға деген сағыныштан айығудың қиын болатыны бесенеден белгілі ғой. Солай бір күні аптаның демалыс күндері алып-ұшып ауылыма келдім. Тұрмысқа шыққан әпкем өзімізбен бір көшеде тұрады. Жездем сол үшін біздің үйден айналсоқтап шықпайтын. Әкем өзіміздің үймен қатар олардың да үйін түгелдей асырап отыр деп айта аламын. Әйтпесе жездем биыл 54-ке толады. Әлі күнге өз күнін өзі көре алмайды.
Солай ауылға келсем, әкемнің шапқылап, әрі тартып, бері тартып жүріп әпкем мен жездеме даңғарадай етіп салып берген үйіне қоныс той бергелі жатыр екен. Дастархан дайындасуға сол үйге бардым. Жаңа, зәулім үйдің ішінде менің ағамның балалары мен әпкемнің балалары шуылдасып ойнап жүрген. Жездем "жаңа үйдің шаңын шығардыңдар, дастарханды бүлдіресіңдер" деп бәрін ескі үйіне қуды. Ағамның балаларының арасында 3 жасар сіңлім бар. Туғаннан өзім қарағам. Сол сіңлім менің қасыда отырғысы келіп, шықпаймын деп жылады. Мен де "жүре берсінші, сіңлім бұзық емес қой, қасымда отырады" дегеніме қарамай жездем жұлқып-жұлқып шығарып жіберді. Ашуым кеп істеп отырған тірлігімді тастадым да, бақырып жылап кетіп бара жатқан сіңлімнің артынан жүгірдім. Сол сәтте жаңа үйдің есігін жел қатты тұрып тарс етіп жауып жіберді. Мен жапты деп ойлап қалғанын білдім. Бірақ қайтып кіріп, ақталғым келмеді.
Ескі үйге барып, сіңлімді алдарқатып, жұбатып отсам жездем баса-көктеп келіп, айқайға басты. "Неге қатты жабасың есікті? Істеген тірлігіңді міндетсінбе! Бүйтетінің бар жата бермейсің бе Алматыңда!" дегендей бірдеңелерді айтып. Ұзақ уақыт айқайлап ұрысты. Ашу қысып, "Неге жұлқисыз қызды? Үйіңізді көтеріп әкетпейді ғой" деп қана қойдым. Күшік күйеу екенін бетіне басқым келіп еді. Батпадым. Соның өзінде мылжыңдап, қатын құсап көп ұрысты. Соңында "Көргенсіз" деді ме бірдеңе деп басымнан нұқып кетті... Әбден табалады. Сол кезде әпкем де ескі үйде болатын, қызығы сіңлісінің жер-жебіріне жетіп жатқанын көріп тұрып, күйеуіне бірауыз сөз айтпады. Әйтпесе ол қой десе қояр еді. Содан ызаға булығып, сіңлімді жетектеп үйге кеттім де, ертесіне қонақасына да бармай, Алматыға кетіп қалдым. Үйдегілер болған жайды мен кеткесін ғана естіпті. Ағам жездеме сөйлеген болса керек, екеуі де біраз шекісіп қалыпты.
Содан бері аттай 10 жыл өтіпті. Осы 10 жыл ішінде бір де бір рет әпкемнің үйіне ат ізін салмадым. Тіпті, ауылға да 10 жыл ішінде бірнеше рет қана бардым ғой деймін. Той-томалақтарда ғана. Ол кезде әпке-жездемді міндетті түрде көрем. Бір рет жездем түк болмағандай амандасып жатыр еді, тыйып тастадым. Әпкеммен салқын ғана амандастым. Жездемнен көрі әпкеме деген өкпем қара қазандай. Неге сонда көз алдында сіңлісін табалатып қарап тұрды деп әлі күнге ойланам. Жездемді көрсем, амандаспай, емеурін де білдірмей ешқашан танымаған адам сияқты қасынан өтіп кетем.
Ағам мен әкем үйге келмейсің деп әлі күнге дейін ренжиді. "Жатбауырсың, ешкімді керек қылмайсың" дейді. Қанша кешірейін десем де ішімнен бірдеңе жібермей тұрады.
Тіпті бір рет әпкем Алматыға келіп ауруханаға жатқан кезде де, бір барып халін сұрамадым. Үйімді ойласам болды сол оқиға есіме түседі де тұрады. Мен неге сонша кекшілмін? Қалай кешірімді болуға болады?