Бала сатып алған әйел

Oinet.kz 10-05-2024 3734

Сол жылы қыс қаһарынан түспей қойды-ау шамасы, күн суытып, жерді қалың аппақ қар қаптаған. Күлəш апа толқып жүргенінен бе, қуанышынан гөрі уайымы басымдау болғанынан ба, əйтеуір қобалжып жүргені байқалады. Қыстың суығына назар аударып жатқан ол жоқ, жұпыны киімімен көршісі Сəлима əжейдің үйіне қарап асығып бара жатыр. Екі құрбы ұзақ сұқбаттасып, бірдеңелерді шүйіркелесіп, үйіне кетудің ыңғайын жасады. Дастарханға бата қайырып, ұзақ дұға оқысты.

Screenshot_7.jpg

Күлəш апаның келіні күні кеше ғана босанып қыз тапты. Бұл сəби шаңырақтарының көптен күткен қуанышы еді.

Қуанышты күнде апаның уайымына не жорық дерсіз, бəлкім.

Əсия осы шаңыраққа келін болып түскеніне бірнеше жылдың жүзі болған. Кенже ұлының таңдаған жары Күлəш апаның көңілінен шыққан, желіп-жүгіріп осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығады. Артық ауыз сөзі жоқ, өңі де сұлу. Ұлы мен келіні тату-тəтті өмір сүріп жүрсе анаға одан асқан бақыт бар ма екен?!

Алайда, келіні осы күнге дейін үш құрсақ көтерді де, бала туа сала көп тұрмай шетінеп кете берді. Осы жолы туған сəби Əсияның төртінші баласы. Дəрігерлердің анасында да, балада да бəрі жақсы дегеніне қарамай Күлəш апаның көңілінде жасырын болса да аздап қобалжу бар. Мұнысын ұлы мен келініне білдіртпеуге тырысып бағуда, іштегі шерін осылай құрбысы Сəлима əжейге тарқатып алғаны шығар.

Кеш кіріп, күн ұясына қонар кезде Əсия енесі мен қызына бəйек болып отыр еді, есіктен Сəлима əжей кіріп келді де:

- Менің қызымды ұрлап алғандарың не? Сендерде ұят деген бар ма? Қəне, қызымды беріңдер өзіме ,- деп айғайға басты. Түкке түсінбей тұрған Əсияның көзі алақандай болып, Сəлима əжей сəбиге қарай төніп келе жатқанын сезіп қызын құшақтап алды. Оған əжей назар да аудармай Əсияның қолынан қызды жұлқып алып, қалың көрпеге орап сəбиді алып үйден шығып кетті. Күлəш апа көзіндегі жасын жасырмақ болып, келініне тіке қарамай бетін бұрды. Келін əлі де ештеңе түсінген жоқ, орнынан тұрып əжейдің соңынан жүгіре ілесті. Сəлима əжей қалың қарды жылдам басып үйіне жетті де ішке еніп есікті ішінен іліп алды. Əсия:

- Апа, ол не істегеніңіз? Баламды өзіме беріңізші, əзілдеп отырған боларсыз. Есікті ашыңызшы, өтінемін, - деп жылай берді.

Енесі келінін суықта тұрып қалды-ау деген уайыммен жүгіріп келеді, сол кезде есіктің артынан Сəлима əжейдің:

- Кеш батып кетті, үйлеріңе кетіңдер. Ертең таңда баланың ақысын төлеп алып кетесіңдер. Қазір мұнда тұрғандарыңнан пайда жоқ, таңда келесің, - деген өткір даусы естілді.

Келін енесіне еріп үйге келді де, еңіреп жылап жіберді. Күлəш апа орамалының шетімен аузын жауып үнсіз жылайды. Сол түн ене мен келін үшін ең ұзақ, ең мардымсыз түн болды.

Таңертең қорадағы бір қойды алып, Сəлима əжейдің үйіне асықты. Əжей үйіне ауылдың кемпірлерін жинап алған, дастархан жайып, жайбарақат шəй ішіп отыр.

- Баланы сатып алуға бірдеңе əкелдіңдер ме, Күлəш?

- Бір қой алып келдік.

- Ойбоой, арзанға бере салатын қызым бар дейсің бе? Сараңсың, Күлəш, сараңсың, - деп қарқылдап күлді. Əсия көзімен баласын іздеп еді, пештің түбінде тəтті ұйықтап жатқанын көріп көңілі орнына түскендей болды.

- Шəйді сосын ішесіңдер, тұрыңдар, қəне, іске көшейік, - деген Сəлима əжей отырған алты кемпірді жəне Əсияның енесін қатар тұрғызып қойып, сəбиді кемпірлердің аяқтарының арасынан өткізіп жатыр. Соңында баланы Əсияға беріп:

- Міне, "сатып алған" бала енді сенікі. Менен "сатып" алғаныңды ертең ұзататын кезде ұмытып кетпе. Алдыңғы киітті мен киемін,-деп күліп қойды.

"Сатып алынған" сəбиден кейін Əсия жəне бір қыз, бір ұл тапқан. Бүгінгі күнде үш баласының қуанышына серік болып отырған жайы бар.

Түйін: Бала тұрақтамаған үйдің баласын осылай "сатып алу" салт-дəстүрі арқылы аман алып қалуына септігін тигізген деседі. Ырымға сенсек те, сенбесек те үлкендердің əңгімелері арқылы осы сынды оқиғаларға куə болып келеміз.

Салт-дəстүрді қаз-қалпында орындай білген қарттарымыз аман болсын!

Бұрынғы енем тағы тұрмысқа шығатынымды естіп, оқытып жүрген сияқты
Қазақ келіні қайын жұртының есімін неге атамаған?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу