Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Гүлжан есімді бойжеткен өзге қыздардың өз қателігін қайталамау үшін басынан өткен жағдайды баяндап берді. Сөзінше көптеген ата-аналар жағдайға қанша қиын болса да шыдау керектігін айтып, өз балаларының өмірінен елдің өсегін жоғары қояды деп ренжиді.
«Анам мен әкем қарапайым ауыл тұрғыны. Егін егіп, әкем трактор жүргізіп отбасын асыраймыз. олар ешқашан артық дүниеге қызығып, ешкіммен ұрысып көрмеген момын жандар. Біздің отбасымызды мен есімді білгелі әкемнің анасы басқарады. Мені 19 жасымда көрші ауылдың баласы сыртымнан көріп, ғашық болып алып қашты.
Сол кезде апам қайтып келу деген сөзді тіпті талқылауға болмайтынын айтты. Өйткені біреу сені алып қашса да сен кінәлісің, көзіңді сүзгенсің деген түсінік бар. Күйеуім қызғаншақ ауруымен ауырады деесем де болады. Өйткені мені өзінің туысқан інілерінен қызғанып ұратынды шығарды. Басында «анау неге күліп қарады саған? Мынау неге саған отын алып келіп береді» деген сияқты сөздерді айтып ашу шақыратын. Мен оны жақсы көріп қызғанып жүр деп ойлайтынмын. Сөйтсем ол кәдімгі соңы адамды мүгедек қылатын жағдайға апаратын сорлылық екен. Алғаш рет күйекім мені ұрғанда анама айттым. Ол кісі «Апаңа түсіндір» деді.
Апам «Бізде таяқ жеп өсіп-өндік» деп шығарып салды. Кейіннен апам ауыр сөздер айтып ұрысатынды шығарды. Сөйтіп жүргенде екі қызым дүниеге келді. Бір күні күйеуім мас болып не істегенін білместен мені тепкінің астына алды. Көзім көгеріп ақсаңдап қалдым. Содан «Жалғыздың жары Құдай» деп барлығына қолымды бір сілтеп Алматыға екі қызымды алып кетіп қалдым.
Сыныптасым пәтер жалдап тұратын сол досыма рахмет. Бір ай менің жылап, үйінде жатқанымда тамағымды беріп күтті. Келесі айда ыдыс жуып жұмыс істеп тамағымды тауып бастадым. Қазір балаларым балабақшаға барады. Өмірде ең қымбаты ми, бас бостандығы екенін түсіндім. Қазір жаман лашық 1 бөлмелі жаздық үйді 25 мың теңгеге жалдаймын.
Жанымдағы мен сияқты үй жалдап тұратындардың балаларын өз балаларыммен бірге кешке дейін қарап үйде отырамын. Бала басына ақша алып отырамын. Солай барлық жақынымнан қашып, хабарсыз кеткеніме кейде қуанамын. Кейде меннен бас тартқан анам мен әкемді көргім келеді. Жылап аламын. Мені осындай батыл болуға жетелеген күш екі қызымның болашағы. Сол үшін айыптымын»,-деп аяқтаған екі баланың анасы.