Туған қызыма анасы екенімді айта алмай жүрмін

Oinet.kz 07-01-2023 7367

Мен Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында 1964 жылы дүниеге келдім. Бүгінде осы жерде бала-шағаммен тұрып жатырмын. Біз отбасында 7 ағайындымыз, мен үйдің үшіншісімін. Әкеміз Рахымбек өмірден ерте кетті, анамыз Гүлбаран жетеумізді жалғыз жетектеп жүріп жеткізді. Әкем дүниеден озғанда үлкен ағам 17 жаста болса, кенже інім 1,5 жаста ғана еді. 

Screenshot_12.jpg

Анамыз бізге жетімдік көрсеткен жоқ, әкеден ерте қалған соң біз де ерте есейдік, анамызға қолқанат болдық. Мен мектепте жақсы оқысам да жоғары оқу орнына түсе алмай бірнеше жыл колхозда жұмыс істедім. Ол кезде қалаға кететін жастар аз, көбіміз ауылда еңбек етуші едік қой. Сөйтіп колхоздың қойын қырқып, анда-санда мәдени шараларға да қатысып жүрген жастық шақта мен өзімнің махаббатымды жолықтырдым. Менің жүрегімді жаулаған жігіт қараторының келбеттісі, ұзын бойлы келісті жігіт еді. Есімі Қанат. Қанат екеуміз ауыл клубындағы жастарға арналған би кешінде таныстық. Уақыт өте келе таныстығымыз достыққа, достығымыз махаббатқа ұласты. Сөйтіп жүргенде мен Алматыға оқуға, ол әскерге кететін болдық. Екеуміз екі жақта жүрсек те бір-бірімізге хат жазысып, отбасын құруға сөз байластық.

Мен Қаскелең қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне оқуға түстім. Студенттік кезіміз тура 1986 жылғы көтеріліспен тура келді ғой. Ауылда қалған анам мен аға-бауырларым мен үшін шыбын жандарын шүберекке түйіп әбден қорқып жүріпті. Жастық албырттық қой, патриоттықпен алаңға да шықтық. Жә, бірін айтып біріне кетіппін-ау, менің айтайын дегенім бұл емес.

Сонымен оқуды аяқтайтын да уақыт жақындады, сүйіктім әскерден оралды, мені іздеп қалаға келді. Сол кезде училищеде өзіме сабақ берген мұғалімдерім, «Әй, сен қыздан бірдеңе шығады. Біздің саған демеуіміз болсын, сен оқуыңды ары қарай жалғастыр, қалада қал» деп қолқалап жатты. Бірақ мен өзімнің 2 жыл күткен жігімді оқумен қалай айырбастаймын? Анамның да «Балалардың ішінде тәуір оқығаны сен едің, оқуыңды жалғастырсаңшы» дегеніне қарамастан Қанатпен қол ұстасып кете бардым. Сонымен үлкен әулеттің босағасын келін болып аттадым.

Ата-енем қаталдау, қайын аға, абысын-ажын, қайындарым мен қайын сіңілдерім көп, бәріміз бір үйде тұрып жатқанымызға қарамастан мен Қанатқа тұрмысқа шыққаныма бақытты едім. Өйткені мен оны шексіз сүйдім. Мен жарымды сүйгендіктен де кім не деп жатса да көңіліме алмауға тырысып үндемей жүре беретінмін. Қанаттың алдында 3 ағасы бар, біз үйленгенге дейін 5 жыл бұрын Тұрсын деген ағасы отбасын құрған. Алайда нәрестелі бола алмай жүр екен.

Үйленгемізге бір жыл болғанда Қанат екеуміз бөлек шықтық. Жұмысымызға жақын маңда Николай деген ақсақалдың үйі бар еді. Сол кісінің бір бөлмесін жалға алып тұрып жаттық. Сөйтіп жүргенде бір күні аяғымның ауырлағанын білдім. Қуанышымда шек жоқ, бар ойым жақында сәбиіміздің дүниеге келетінін Қанатқа жеткізу. Қуанышты жаңалықты естігенде күйеуімнің қуанғанын көрсеңіз... Бақыттан басымыз айналып, қуанышымызды туған-туыспен бөлістік. Бірнеше ай өткеннен кейін шәй үстінде абысыным Айман: «Жақында біздің баламыз дүниеге келеді, атын кім деп қойсақ екен» деді. Мен ойымда түкте жоқ, иә, біздің бала сіздердің де балаларыңыз ғой дедім де қойдым. Осыдан кейін туған-туыстың арасында Қанаттың баласын Тұрсын асырап алады екен деген сыбыс тарапты. Енем де маған ылғи ойлы көздерімен қарап отыратынды шығарды. Ал Айман болса, менің ішімді сипалап, «ұл ма, қыз ба екен, түрі кімге ұқсайтын болады» деп бәйек болып, қай айда туылатынын санап есі шығып жүрді.

Бір күні Қанат «Орал, біздің баламызды Тұрсын мен Айман асырап алайық деп өтініп жүр. Сен қалай қарайсың. Оларда 5 жыл болды бала жоқ. Берсек қайтеді, бізде әлі көп бала болады ғой, жаным» деп төмен қарап тұр. Мен шынымды айтсам, дәл сол сәтте не дерімді білмедім, үнсіз отырып қалдым. Одан кейін егер өзімнен келіп сұрайтын болса, келіспеймін, баламды ешкімге бермеймін деп өзімді іштей қайрап жүрдім. Тұңғышымның туылар сәті жақындаған сайын бойымды қорқыныш билейтін. Сонымен не керек, 1987 жылдың қыркүйек айында тұңғыш қызым дүниеге келді. Тоғыз ай бойы құрсағымда көтерген балапанымның жүзіне қараудан жалықпайтынмын, күндіз-түні сәл көзім ілініп кетсе, құлынымды біреу алып кетердей шошып оянатынмын. Сол кездерде жаңа босанған әйелді қазіргідей 2-3 күнде перзентханадан шығарып жібермеуші еді ғой. Кемінде он күн перзентханада жататынбыз. Осы он күн бойы бір күн құрғатпай қайын ағам мен абысыным келіп жүрді. Күнде тамақ, балаға киім кешек алып келеді. «Қызыма ананы әкелдім, мынаны әкелдім» деп абысыным дәрігерлерге жалынып жүріп біз жатқан бөлмеге кіруге рұқсат алады. Бір күні «қызымыздың атын Айдана қоятын болдық» деді. Оған да үнсіз келістім. Тура перзентханадан шығатын күні абысыным, қайын ағам, күйеуім, енем төртеуі келді. Енем мен абысыным бөлмеме кірді. Енем асықпай орындыққа отырды да, «Қызым, мына менің немеремді Тұрсынға бересің. Бүгін туу туралы куәлігін жаздырарда әкесі Тұрсын, шешесі Айман деп жаздыр» деп қысқа қайырды. Енем жарықтық адуынды кісі еді. Оған қарсы келмек түгілі, бетіне тік қарай алмайтынбыз. Ол кісі айтты, бітті, іштен тынып, жасыма тұншығып, үнсіз қала бердім. Сонымен перзентханадан перзентімнен тірідей айырылып құшағымда сәбиімсіз шықтым.

Перзентханадан шыққан соң бізді ата-енем, қайын ағам мен абысыным тұратын үлкен үйге әкелді. «Бала қырқынан шыққанша емізіп осында боласың, сосын өз үйлеріңе барарсыңдар» деді енем. Сол қырық күн қалай зуылдап тез өтті десеңізші. Туған-туыс жиылып Тұрсын мен Айманның баласын қырқынан шығарды. Ал менің халімді ойлаған тірі жан жоқ. Анда-санда Қанатқа көзімнің қиығын салып қоямын. Онсыз да сөзі аз, мінезі тұйық онда да үн жоқ. Бала қырқынан шыққан соң қипақтап жүріп жиналып, Қайрат екеуміз өз үйімізге қайттық. Ертеңінде Қанат таңертең ерте жұмысқа кетті, мен үйде өзімнің дертіммен жалғыз қалдым. Жылап-жылап көзім күптей болды. Омырауымды керген сүт көздің жасындай тоқтаусыз ағып кеудемді жуып жатты. Осылай бір апта өтті. Баламды сағындым, көргім келеді, иіскегім келеді, көкірегім өртеніп барады. Ештеңеге зауқым жоқ, ешкіммен сөйлеспеймін, тыңдамаймын, есім ауған адамдай есеңгіреп жүрдім. Сөйтіп жүріп бір күні көрші ауылда тұратын төркініме тарттым. Үйге кіре бергенімде ағамның 2-3 жасар қызы алдымнан жүгіріп шыға келгені. Әлгі жерде Айко деп еркелететін кішкене қызымызды құшақтап алдып солқылдап жылап қоя беріппін. Байғұс анам маған қарап «Балам-ай, сормаңдайым-ай, осынша өзіңді қинағаның не, неге бердің сәбиіңді. Бір ауыз бізбен ақылдассаң қайтер еді» деп мені жұбата алмай әлек. Қатты жылап шаршағаным соншалық, сөйлеуге мұршам жоқ, тұрдым да ешкімге ештеңе деместен үйіме қайтып кеттім. Үйге келіп те қатты жыладым. Дауысым қаттырақ шығып кетсе керек. үйдің иесі дядя Коля жүгіріп келіпті. «Оля, (ол кісі мені осылай атайтын) саған не болды. Балаң қайда, сенің аяғың ауыр еді ғой. Кім алып алды. Жүр, бірге барып қайтарып алайық. жыламашы» деп мені басымнан сипап ұзақ отырды.

Ертеңінде таңертең тұра сала абысынымның үйіне қалай барғанымды өзім білмеймін. Үйге кірсем, бала шыңғырып ешкімге көнбей жылап жатыр. Енем де, абысыным да баланы уата алмай әлек. Мен үнсіз бардым да, баланы қолыма алдым. Бала аздап тыншығандай болды. Қызымды бауырыма қысып, емізе бастадым. Бала терлеп-тепшіп, асығып омырауымды жұлмалап еміп жатыр. Ал менің көзімнен аққан жас тоқтар емес.

Бала әбден еміп болған соң балбырап ұйқыға кетті. Мен ұйықтап жатқан сәбиімді емірене бір иіскедім де, төсекке жатқыздым. Содан кейін ешкімге ауыз ашпастан үйден шығып кете бардым. Жолда үйіме кетіп бара жатып, енді ешқашан балама келмеуге, емізбеуге өзіме өзім серт бердім. Сол сертімді күні бүгін бұзбай келемін. Уақыт емші дейді ғой, бірақ менің дертімнің бергі жағы басылғанмен, ар жағы әлі солқылдап тұр.

Қазір Айдана 27 жаста. Тұрсын мен Айманның жалғыз қызы ерке болып өсті. Ал мен Айданадан кейін тағы екі қызды дүниеге әкелдім. Қазір Қанат екеуміз осы екі қызымыздың қызығын көріп өмір сүріп жатырмыз.

Туған-туыстың арасында өкпе-реніш болмай тұрмайды ғой, бірақ қандай жағдайда да Қанат екеуміз қайын ағама немесе абысыныма осы уақытқа дейін «біз сендерге баламызды бердік» деп бір ауыз сөз айтқан емеспіз. Қайын ағам мен абысыным бәріміз бір көшеде тұрамыз, қызым көз алдымда өсті. Бірақ өз балаңа аналық мейіріміңді төге алмау, бауырыңа тарта алмаудың қандай қиын екенін басына түскен адам ғана түсінеді. Осы уақытқа дейін өзімнің жұмсақ мінезіме ыза болатынмын. Қанаттың да жуастығына жыным келетін. Бірақ кейде екеуміздің бір отбасына бақыт сыйлағанымызды ойлаймын да өзімді өзім жұбатамын. Бұрын Айманға ашулансам, қазір оны да аяймын. Ашуланатын себебім, ол жас кезінде түсік жасатамын деп ана болу бақытынан айырылды. Оны кейін білдім. Бірақ ол да әйел ғой. Отбасын сақтау үшін менің баламды бауырына салды. Ол Айданаға ылғи «Туған анадан баққан, тәрбие берген ана артық» деп сөз арасында айтып отырады екен. Бір күні болмаса бір күні Айдана осы құпияны біліп қойса, дайын болсын дегені болса керек. Мені де ылғи осы ой мазалайды. Егер шындықты білсе, Айдана қалай қабылдар екен?

Мені біреулер мүмкін түсінер, бәлкім кіналар... Тағдыр! Бір қуаныш, бір өкініш!!! Амалым қанша?!!

Анасы баласымен, баласы анасымен бақытты ғой, Тәңірім ешқашан ана мен баланы айырмасын!

Автор: Оралхан Рахымбекқызы

Сол қызға жасаған опасыздығымды Алла алдыма келтірді...
Әпкем түрмедегі жігітке ғашық боламын деп, көрмегенді көрді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу