Сол келіншекті әлдебір қара күштер қайта иектеп жүрмесе игі еді

Oinet.kz 08-10-2022 1978

Көктем айы еді. Таңертең ерте Шырын деген келіншекке барып, Гербалайфтың көктейлін, шәйін ішіп алып, жұмысқа баратынмын. Ұлым сыртта көлігімен күтіп тұрады. Күнде көретінім таныс келіншектер. Бірде толықтау келген, ақсары келіншек келді де ұзын үстелдің есік жағындағы бос орынға жайғасты. Бірінші рет келуі екен.

Screenshot_7.jpg

Ол үндемей  көктейлін ішіп отырды. Басқалар сөйлеп, Шырын әрқайсының сауалына жауап беруде. Төр жақта отырған менің көзім әлгі келіншекте. Ол болса терең ойда, өзімен-өзі. Көздері мұңды, шәйдің өзі тамағынан зорға өтетіндей. Оның ішкі жан қиналысы маған сезілуде. Миыма тылсымнан сигналдар келіп жатыр... Тез мына әйелмен сөйлес дейді. Атын да білмеймін, өмірі көрген адамым емес. Есіктен екеуміз бірге шықтық. Есік алдында оны білегінен шап етіп ұстай алдым.

- Сен қазір менімен бірге жүресің.

Екеуміз сөйлесуіміз керек. Жүр, көлікке отыр,- дедім оған. Қызық, ол менен сіз кімсіз, қайда, не үшін деп сұрамады.

Маған ілесіп жүре берді. Екеуміз бір шетте күтіп тұрған көлікке отырдық. 

Редакцияға келіп, әлгі келіншекті кабинетіме кіргіздім. Қарсы алдымда отырған келіншектің кім екенін толық  білгім келді. Сауалдар қойып жатырмын.

"Мен Шымкентке Алматыдан келдім. Не істерімді, қайда барарымды білмей жүргеніме көп болды. Жолдасым екеуміз бір-бірімізді сүйіп қосылғанбыз. Тұңғышым қыз. Содан кейін жеті жыл бойы бала көтермедім. Қаншама жыл Алладан тілеп, түнде Аймен сырласып жүргенде дүниеге егіз ұлдарым келді. Бізге бұдан артық қандай бақыт керек еді?! Бірақ менің күйеуім егіздер туылған соң маған кінә артқыш болып кетті. Мені әжуалап, толықсың, семізсің деп кекетіп, мұқатып отыратынды шығарды. Егіз балаға қарау оңай емес деп, қызымды өгей шешем қолына алған болатын.

Күйеуімнің мына қылығы жаныма қатты батты, ол менен күн сайын алыстап бара жатты. Маған да, егіздеріне де көңіл бөлмей, бөтен адамға айналды. Көз алдымды қара тұман басты. Өлгім келе береді. Мен үшін қазір өмірдің түк мәні жоқ. Қазіргі жүрісім де далбаса. Екі ұлымды құшақтап, осындағы әпкеме келіп едім. Ол кісі балаға суықтау кісі. Егіздеріме тамақ тауып беру де оңай болмай тұр. Жұмыс істейін десем, әлі кішкентай. Ал үйге барайын десем, туған анам жоқ... Әпке, менің өмір сүргім келмейді. Сенген жолдасым далада қалдырды. Тек балаларымды қимай жүрмін",- деп жылап жіберді.

Оны жұбатып, біраз жылы сөздер айттым. Ол сәл басылғанда орнымнан атып тұрып, әлдебір қатты дыбыспен екі қолымды оған сермеп қалдым. Сол кезде келіншектің басының жоғары жағынан майда, қара түсті түтінге ұқсас бірнәрселер жан-жаққа бытырап қашып бара жатты. Мұның бәрі қас-қағым сәтте болып жатқан тылсым құбылыстар еді. Бұдан әрі бұл келіншекті жан азабынан қалай құтқарамын? Көз алдымда болған көріністен бұл келіншек әлдебір қара күштердің ықпалында жүрген сияқты көрінді. Не істеуім керек?

Алматыда тұратын бір танысыма телефон соқтым. "Мықты емшің бар еді ғой, көмектесші. Бұл келіншектің ақшасы жоқ, сөйлесіп бер",- дедім. Ол емшінің әзірге адам қабылдамайтын айтты.

Сосын дереу анда-санда газетіме шығып тұратын емші Нұрлыға телефон соқтым.

- Қазір қасымда бір келіншек отыр. Қандай көмек бере аласың,- дедім оған.

- Әпке, айтқан адамыңыз емі мықты бір молдаға барған екен ғой. Екі күн дем салдырған. Толық жеті күн дем алсын, тура сол кісіге барып. Өлімнен басқаны ойламай жүр екен. Тезірек барсыншы. Мен емдей алмаймын",- деді ол.

Келіншеке айтып едім, "екі рет барғаным рас. Қайдан біліп қойды?",- деп таң қалды.

Не керек, сол күні әлгі келіншектің бүкіл жан-дүниесін қопарып, бір жылатып, бір күлдіріп үйіне қайтардым. Қолына газет-журналдарымды ұстатып, рухтандырып, өмірге деген құштарлығын арттырып жібергендей болдым. Кейін телефон арқылы хабарласып тұрдық. Массаж жасауды жақсы көрем деген соң Алматыда тұратын, Қытайдан келген білікті дәрігер массаж жасап, ине салатын Гүлғайшамен таныстырып, жұмыс тауып беруін өтіндім. 

Арада үш-төрт ай өткенде одан телефоныма СМС келіпті: "Әпке, сізге Алланың нұры жаусын! Маған қиын кезде үлкен көмек көрсеттіңіз! Мен жолдасыма қайта қосылдым. Қызым да қолымда. Аллаға шүкір,бақыттымыз! Жұмыс істеп жүрмін. Алматыға келсеңіз, үйге келіңізші. Мекен-жайым мынандай. Сізді қонақ етіп күтіп жібергім келеді".

Оның хабарламасын оқып, бақытты екенін естіп, қатты қуандым. Барамын деп те жазғанмын. Бірақ кейін телефоным жоғалып кетіп, сол күйі онымен қайта хабарласа алмадым. Нөмірі есіме түспеді. Ол да мені іздеген шығар, менің де нөмірім ауысты. Қанша жыл өтсе де  осы оқиға менің есімнен кетпейді. Әлдебір тылсым күш оған көмек керек екенін сездірді. Мен қолымнан келгенін ғана істедім.  Ал ол келіншектің басынан, әлде денесінен шыққан " әлгі пәлекеттерді" мен ешқашан көрген емеспін. Өмірімде  ешкімге мұндай "емді" істеген де жоқпын. Маған бұл бір тылсым құбылыс болып қалды...

Ең бастысы, сол келіншек бақытты шығар.Қызы, егіздері есейіп мектепке барып жүрген болар. Қазір шіркін-ай, сол келіншекті бір көрсем ғой деймін. Қайда жүрсе де аман болсыншы...

Фатима Забурақызы

Facebook парақшасынан

Мінезді әйел күйеуінің аяғын отыз жыл жуып келіпті
Үрленген доптай домаланып шыға келіпті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу