Шымкент сапалы ауыз сумен 99 пайыз қамтылған
Шымкентте 81 елді-мекеннің 80-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұлов мәлім етті.
2023 жылы 6 нысанның (Құрсай 1,2-кезек, Қайнарбұлақ, Сайрам 1,2 және 3-кезек, Еңбекші ауданы жаңа құрылыс) құрылыс жұмыстарына 9,5 млрд.теңге бөлініп, жыл қорытындысымен Қайнарбұлақ тұрғын алабы және Еңбекші ауданы бойынша 7 елді мекеннің жаңа құрылыс аумақтарында ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталған.
Нәтижесінде, 37 мыңға жуық адам ауыз су жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды. Осыған орай, елді мекендерді ауыз сумен қамту деңгейі 98,5%-дан 99%-ға өсті.
Сонымен қатар, 2024 жылы Құрсай, Қайтпас-1, және Бозарық тұрғын алабының жаңа құрылыс аумақтарын ауыз сумен толық қамту жоспарлануда. Бұл кезде елді мекендерді ауыз сумен қамту деңгейі 100% құрайды.
Бүгінде 81 шағын ауданның 25-і (713,5 мың адам) кәріз жүйесімен қамтамасыз етілсе, 56 шағын аудан қамтылмаған.
2023 жылы 9 нысанның құрылыс жұмыстарына 8,6 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде 2 магистралды кәріз коллекторының (Тұраннан КОС-қа дейінгі магистрал, Шымсити коллектор), 7 ішкі орамдық жүйенің (Мирас- Шапағат-2, Тассай, Тұран ішкі жүйе, Қайтпас-2, Нұртас, 112 орам, Бозарық 74 га) құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Жыл қорытындысымен 4 нысанның (Тассай, Қайтпас-2, 112 орам, Бозарық 74 га) құрылыс жұмыстары аяқталып, көпқабаттағы тұрғын үйлермен қоса 60 мыңға жуық адам кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алды.
Нәтижесінде қамту көрсеткіші 60%-дан 65%-ға өсті.
Сонымен қатар, 2024 жылы 2 магистралды кәріз коллекторының (Тұраннан КОС-қа дейінгі магистрал, Шымсити коллектор) және 6 ішкі орамдық жүйенің (Мирас-Шапағат-2, Нұртас, Тұран, Айқап, Қайтпас-1, Солтүстік-Батыс) құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 12,8 млрд.теңге жоспарланған.