Қайтарымсыз грантқа—құс фермасы

Oinet.kz 21-07-2024 597

 1665119278_whatsapp-image-2022-10-07-at-10_06_49.jpeg

Шымкенттік Динара Бабақулова бір жылдан бері асыл тұқымды бройлер балапандарын инкубаторда өсіріп, етін саудалап келеді. Бизнес-жобасы комиссияның шешімімен мақұлданып, қайтарымсыз қаржы алған болатын. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

- Кәсіпті зерттеуге, үйренуге 70 жұмыртқаға арналған инкубатордың көмегі көп болды. Шаруашылықтан тәжірибе жинаған соң ауқымын кеңейтуді көздеп, қайтарымсыз грантқа өтінім жолдадым. Мақұлданған қаржыға сыйымдылығы 2200 жұмыртқаға арналған құрылғыны сатып алдық.  21 күннен кейін жаңа құрылғыға салынған жұмыртқадан алғашқы балапандар жарып шықты. Жартысын балапан күйінде сатып, қалғанын бірер ай көлемінде бағып, тамақтану орындарына саудалап отырмын, - дейді Динара Мелісқызы.

Іскер әйел жұмыртқа жарып шыққан күннен бастап, салмақ жинағанша ветеринарлармен кеңесіп балапандарға қажетті екпе, дәрумендерін салдырып отырады. Грант иегері қазір тез өсіп жетілетін, еті жұмсақ әрі дәмді бройлер тауықтарына сұраныс өте жоғары екенін айтады.

Алдағы уақытта шаруашылықты кеңейтіп, мемлекеттік қолдаулар аясында ауқымды құс фермасын ашуды жоспарлауда.

Биыл Шымкентте 426 адамға қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Маусым айында комиссияның шешімімен 214 тұрғынға қайтарымсыз қаржы мақұлданды.

Шымкент қаласының әкімдігі осыған байланысты 15-26 шілде аралығында Business.enbek.kz порталы арқылы 2-лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант алуға өтінімдер қабылдаудың басталатынын хабарлаған болатын.  Екінші лекте 216 адамға қайтарымсыз грант беру жоспарланып отыр. Гранттар нысаналы мақсаты жаңа бизнес бастау және дамыту болып табылған жағдайда қайтарымсыз негізде беріледі.

Грант көлемі 400 АЕК-ті (1 476 800 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

Қатысу үшін үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) арқылы тіркеліп, өтінім бере алады.

Өтінім беру үшін: порталда тіркелу; грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту; порталда көрсетілген бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу (өз бетінше бизнес-план жарамайды); өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, аудандық мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында өтінім беруге болады.


Шымкент газбен 96 пайыз қамтылған
Шымкент сапалы ауыз сумен 99 пайыз қамтылған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу