Мәжіліс депутаты белсенді жастармен кездесті

Oinet.kz 17-07-2024 464

23.jpg 

Мәжіліс депутаты Руслан Берденов М.Әуезов атындағы ОҚУ-да қаланың белсенді жастары, кәсіпкерлермен кездесті. Еркін форматта өткен жиында жастардың өзекті мәселелері талқыға түсті. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.

Мәжіліс депутаты қазіргі жастар белсенді болу керек екенін, әрдайым өз ұстанымдарын білдіріп, жаңашылдыққа ұмтылу қажет екенін айтты. Белсенділік деген жауапкершілікті мойынға алу деген сөз.

Іс-шарада жастар тарапынан жатақханалардың аздығы, мотивация алу, ойын құмарлықтан арылудың жолы және тағы басқа сауалдар қойылды.

-Жастармен жиі кездесіп жүрмін. Қазір қоғамда жастар арасында мәселе көп. Кәсіп бастау, қалай мотивация аламын деген сауалдар маған жиі қойылады. Жалпы әр адамның өмірі өз қолында. Мотивацияны да адам өзінен алу керек.

Бүгінде жастар, кәсіпкерлердің көп сұрайтыны - салық мәселесі. Бөлшектік салық, қосымша құн салығы. Шымкент қаласы шағын кәсіпкерлік дамыған өңірлердің бірі. Жалпы елімізде шағын кәсіпкерлер саны 2 миллионнан асады. Осыларға жағдай жасауымыз керек, - деді Руслан Арысбекұлы.

Мәжіліс депутаты партия фракциясы аясында жастар, салық жүйесі, экономикалық мәселелерді шешуге атсалысып жатқанын атап өтті. Қала жастарын белсенді болуға шақырып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.

Сондай-ақ, Руслан Берденов Шымкент қаласының жаңа әуежай терминалының құрылысымен танысты. Жеке инвесторлар 1 айда техникалық жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр. Мәжіліс депутаты инфрақұрылымдық үлкен маңызды жобаның іске қосылуы басқа салаларға да серпін беретінін айтады. Аралау барысында жеке инвесторлардың мәселелерін, ұсыныстарын тыңдады.

-Расында, терминалдың әлеуеті өте зор. Өзіндік дизайны бар. Сағатына 2 мың адамды қабылдауға қауқарлы. Бұл нысанды қала халқы көптен күтті. Осы инфрақұрылым арқылы басқа да салалар дамиды деп сенеміз. Себебі, осындай әлеуетті инфрақұрылымдық нысандар басқа салаларға да серпін береді. Қазіргі уақытта коммуникация, жер мәселесі бар екен.  Ол Қорғаныс министрлігі мен қала әкімдігінің бірлесе шешетін жұмысы. Екі жақтан да жұмыс істелініп жатыр. Ал қаржы жағынан ешқандай мәселе жоқ, - деді Мәжіліс депутаты БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында.

Айта кетсек, жаңа нысанның ашылу рәсімі күз айына жоспарланып отыр.

 


«Шымкент: «Тассайда» 30 жоба жүзе асуда
Шымкентте келген туристер саны артуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу