Бағаны тұрақтандыру үшін форвардтық шарттар түзілуде
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында айналым механизмі аясында қарыз қаражат беру және форвардтық шарттар түзу жұмыстары іске асып жатыр. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Мекамбаев мәлім етті.
Сондай ақ тұрақты түрде азық-түлік жәрмеңкелерін өткізу, делдалдық қызметті шектеу шаралары жүргізілуде.
Қала әкімдігінің қаулысына сәйкес, апта сайын қаланың 8 жерінде азық-түлік жәрмеңкелері ұйымдастырылып, күнделікті тұтынатын тауарлар нарықтан 10-15% төмен бағада сатылуда. Жәрмеңкеге жауапты мемлекеттік мекемелер бекітілген.
Атап айтқанда, Шымкент қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы (Жол қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етіп, кезекшілік жұмыстарын ұйымдастыру), Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті (Санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз етіп, кезекшілік жұмыстарын ұйымдастыру), Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы, Шымкент қаласының Абай, Қаратау, Тұран ауданы әкімі аппараттары (Жәрмеңкені электр қуатымен, қоқыс контейнерлерімен жабдықтап, тазалық жұмыстарын ұйымдастыру).
Жәрмеңкеге 250-ге жуық тауар өндірушілер, шаруа қожалықтар және көтерме сауда қызметімен айналысатын дистрибьюторлар қатысып, аптасына жалпы 170 – 180 тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар және күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарлары нарықтан 10-15 пайызға төмен бағада сатылуда.
Мұндай жәрмеңкелерді ұйымдастыру бағаны тұрақтандыру ғана емес, халыққа сапалы әрі арзан тауарлармен қамтамасыз етуге де септігі тиюде. Оның үстіне ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге де тиімді.