Шымкентте есірткіге қарсы күрес күні аталып өтті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейінгі Жолдауында:
-- Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан, Нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет,--деген болатын. Осыған байланысты соңғы кездері елімізде есірткі саудасына қарсы күрес қарқын алып келеді.
26 маусымда әлем есірткі заттарын теріс пайдаланумен және олардың заңсыз айналымымен күресудің халықаралық күнін атап өтті. Бұл күнді 1987 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы нашақорлықсыз әлемдік қоғам құруға деген шешімінің көрінісі ретінде белгілеген болатын.
26-маусым күні Шымкенттегі «Арбат» демалыс аймағында Халықаралық нашақорлыққа және есірткі саудасына қарсы күрес күніне орай, қала тұрғындары мен қонақтарына арнайы іс-шаралар кешені ұйымдастырылды. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Эстафеталық спорттық ойындардан бастау алған бұл іс-шаралар, марапаттау рәсімімен жалғасып, соңы концерттік бағдарламамен аяқталды.
«Жақсы әдеттер марафоны!» ұлттық бағдарламасы аясында «Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз» ұранымен өткізілген эстафеталық жарысқа 7 адамнан тұратын 3 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру, тұрғындардың күш, жылдамдық, ептілік қасиеттерін дамытуға арналған іс-шарада қатысушылар өздерінің ерекше дайындықтарын көрсетті.
Сайыс қорытындысымен жеңімпаздар анықталып, оларға бағалы сыйлықтар үлестірілді.
Айта кетейік, осы бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында биыл 26-мамыр мен 26-маусым аралығында 1 ай бойы өткізілді.
Айлық барысында жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, шымкенттік полицейлермен бірқатар профилактикалық іс-шаралар, соның ішінде спорттық-мәдени, қайырымдылық іс-шаралар, семинарлар, кездесулер мен дәрістер ұйымдастырылды. Сондай-ақ, психологтардың, әлеуметтік қызметкерлердің, салалық мамандардың кеңес беруімен ашық есік күндері өтті.
Айлық қорытындысымен салауатты өмір салтын қалыптастыру, жас ұрпаққа саналы тәрбиеде еселі еңбек етіп, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуге белсенді қатысқан, профилактикалық іс-шаралардың өтуіне үлес қосқан бірқатар мамандар Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е.Саденовтың және Полиция департаменті басшылығының алғыс хаттарымен марапатталды.