Шымкент: Жаңа серуен аймағы жақында пайдалануға беріледі
Шымкенттегі балалар темір жолының бойы да дәл солай демеушілер көмегімен темір жол рельстері алынып, оның орнына заманауи талаптағы веложол, жаяу жүгіру жолдары, бірнеше воркаут алаңдары салынып, жан-жағы көгалдандырылатын болады.
Яғни, балалар темір жолы қайта қалпына келтірілмейді. Бұл туралы қала әкімі Ғ.Сыздықбеков А.Асқаров атындағы дендробақтан бастау алған балалар темір жолын аралау барысында мәлімдеді.
Темір жолдың жағдайымен таныстыра келе қала әкімі жағдайдың жан-жақты зерделенгенін, серуендеушілерге қауіпсіз, жағдай жасалынған аймақ болатынын айтты. Арғынбеков-Бәйдібек би жол айрығын салу кезінде темір жолдың бір бөлігі бұзылғанын ескерген қала басшысы жауаптыларға жаяу жүргіншілер жолын ыңғайлы етіп салуды тапсырды.
Сондай-ақ, екі станса орнын жаяу жүргіншілерге қажетті заттарды сатуға шағын кәсіп иелеріне бергелі отыр.
Айта кетейік, бұған дейін қала тұрғындары арасында мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың қолтаңбасы қалған балалар темір жолының өзгеруі кереғар пікір тудырған болатын. Алайда, қала әкімі Ғ. Сыздықбеков локомотивтердің ескерткіш ретінде пайдаланылып, темір жол бойының заман талабына сай өзгертіліп, ел игілігіне берілетінін алға тартты. Әсіресе, 1980 жылдан бері қаланың орналасуында да көптеген өзгеріс орын алып, балалар темір жолының бойында қаладағы транспорт қозғалысын жеңілдетуге арналған жолайрықтар салынғанын да ескерген жөн.
Қала жұртшылығының белсенді демалуына, салауатты өмір салтын ұстануына арналған жоба жақын арада пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Айта кетері, ұзындығы 6 шақырымды құрайтын балалар темір жолы дендросаябақ маңындағы "Тұлпар" және Қ. Мұңайтпасов атындағы орталық стадиондағы "Спорт" стансаларын байланыстырған. Бұған дейін темір жолдың жұмысы бірнеше рет тоқтатылған.