Балалар темір жолы серуен аймағына айналады

Oinet.kz 12-05-2024 561

6.jpg 

Шымкентте жаңғыртылып, жаңарып жатқан жобалардың басым бөлігі демеушілердің көмегімен жүзеге асырылып отыр. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.

Шымкенттегі балалар темір жолының бойы да дәл солай демеушілер көмегімен темір жол рельстері алынып, оның орнына заманауи талаптағы веложол, жаяу жүгіру жолдары, бірнеше воркаут алаңдары салынып, жан-жағы көгалдандырылатын болады. Яғни, балалар темір жолы қайта қалпына келтірілмейді. Бұл туралы қала әкімі Ғ.Сыздықбеков А.Асқаров атындағы дендробақтан бастау алған балалар темір жолын аралау барысында мәлімдеді.

Балалар темір жолының тарихына тоқталар болсақ құрылыс 1979 жылы басталып, 1980 жылы халықаралық балалар жылы қарсаңында пайдалануға берілген. Шымкент балалар темір жолына Ғани Мұратбаев есімі беріліп, қаншама жыл қаланың мақтанышы ретінде жұмыс істеді.

Ұзындығы 6 шақырымды құрайтын балалар темір жолы дендросаябақ маңындағы "Тұлпар" және Қ. Мұңайтпасов атындағы орталық стадиондағы "Спорт" стансаларын байланыстырған. Бұған дейін темір жолдың жұмысы бірнеше рет тоқтатылған. 2010 жылы қайырымдылыққа қаралған қаржы есебінен қайта іске қосқан. Дегенмен, локомотив көп ұзамай толық істен шығып, депоға қойылған. Ал, 2013 жылы қалалық прокуратура балалар темір жолының қауіптілігін ескере отырып, пайдалануға тыйым салған-ды. Сонымен қатар, мамандар ондай локомотивтер өндірісте жоқ екенін, ал арнайы тапсырыспен жасату өте қымбатқа шығатынын мәлімдеп отыр.

— Балалар темір жолының бойын жаңғыртуға арналған жоба демеушілердің қаржысына жүргізіледі. Ал, мемлекет қаржысы, қала бюджеті қаладағы жоспарлы және кезек күттірмейтін мәселелерді шешуге бағытталмақ. Шымкентте бұған дейін де бірнеше жоба демеушілер есебінен жаңарып, халық игілігіне берілген болатын. Біз қала бюджетін халықтың әлеуметтік жағдайына септігі тиетін маңызды жобаларға бағыттап, тиімді игеруді көздеп отырмыз. Атап айтар болсақ, жаз мезгілінде тоқтап қалатын ыстық су мәселесі, ауыз су, ирригация және кәріз жүйесі жүргізілмеген аудандар бар, осындай халыққа бірінші қажет жобаларға жұмсаймыз, Ал, балалар темір жолын қайта жаңғыртып, локомотивке тапсырыс беру мәселесі де мамандармен талқыланды. Алайда, ол экономикалық тұрғыдан тиімсіз екені, ондай локомотивтің өндірісте болмауына байланысты арнайы тапсырысты орындау қомақты қаржы қажет ететіні бұған дейін де айтылды, - деді Ғабит Сыздықбеков.


Шымкент: Аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» табыс етілді
Шымкент: Жаңа серуен аймағы жақында пайдалануға беріледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу