Шымкент: Аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» табыс етілді
12 мамыр – Аналар күніне орай, Шымкенттегі Тұран ауданындағы батыр аналарымызға «Күміс алқа» және «Алтын алқа» табысталды. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 22 сәуіріндегі № 524 Жарлығына сәйкес 18 алтын және 52 күміс алқасымен көп балалы аналар марапатталды.
Осы жерде айта кетері, елімізде аналарды, әйелдерді құқықтық, әлеуметтік жағынан қолдау шаралары күн тәртібінен түскен емес. Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарына қол қойды.
Отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды. Оның рөлін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға атқарады. Бұл ретте мемлекеттік органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара әрекет етіп қана қоймай, байланыс орталығына азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесінде қабылданған шаралар туралы ақпарат беруге міндетті болады.
Неке және ерлі-зайыптылық, әке-ана болу мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпы адамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған.
Бұл заң Қазақстанның әлеуметтік әділеттілік пен әйелдер мен балаларды қорғауға деген ұмтылысындағы маңызды қадамды білдіреді.