«Тазалық өзімізден басталады»
Шымкентте жыл сайын көктем мезгілі келгенде әдеттегідей айналаның тазалығы, арық көздерін ашу, ағаш отырғызу, ағаштарды бұтап, түбін әктеу үрдіске айналған. Осы орайда, Шымкент қаласында жалпықалалық сенбілік өтті.
Тазалық шарасына мемлекеттік қызметшілер, тәртіп сақшылары, шаһар тұрғындары және еріктілер қатысты. Жалпықалалық сенбілік аясында Шымкент ақпарат орталығының ұжымы да сенбілікке атсалысып, қаланың орталық көшелерінің бірі Желтоқсан көшесінің бойын қоқыстардан тазартты. Аяқжолдар сыпырылып, арық сағалары лайдан тазартылды.
Айта кетері, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясының «Мөлдір бұлақ» апталығы аясында Шымкент қаласындағы арық атыздың бойы тазартылды. Апталық басталғалы бері «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Таза өзен», «Тазалық өзімізден басталады» сынды бірқатар экологиялық акциялар ұйымдастырылды.
Аптап ыстықта көпшілік суға шомылатын Қошқарата бұлағының аумағы да ретке келтірілді. Мемлекеттік және коммуналдық мекеме жұмысшылары мен қоғам белсенділері саябақтағы ағаштардың түбін де әктеп, орындықтарды сырлады.
Аталған тазалық акциясына сәйкес Әл-Фараби ауданы аумағындағы Қошқар ата және Қарасу өзендері аумағына санитарлық тазалау, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Оған ауданның тұрғындары, ақсақалдары, ерікті жастар және аппарат қызметкерлері белсенді атсалысып қатысты. Жалпы, шөптерді ору, ағаштарды қырқу, әктеу, иригациялық жүйелер мен аумақты тазалау жұмыстары жүргізілді. Жалпы санитарлық тазалық іс-шарасына 13 арнайы техника, 300 ден астам адам жұмылдырылды.
--Қаламыздың тазалығын сақтау – барлық тұрғындардың парызы. Қоршаған ортаны ластауға жол бермей, тұрмыстық мәдениетті ұстануға шақырамыз,--дейді шараға қатысушылар.
“Мөлдір бұлақ” апталығы аясында Бадам өзені аумағы да тазаланды. Тұран ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен өзен бойы және көшелер, аяқжолдар, ирригациялық арықтар қоқыстардан тазартылды. Аталған жұмысқа барлығы 300-ге жуық адам қатысып, 20 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 130 м3 қоқыс шығарылды.