Шымкенттің туризмі Бейжіңде таныстырылды
Шымкент қаласы 2024 жылдың 28-30 наурыз аралығында ҚХР-ның Бейжің қаласында «Қазақстанның Қытайдағы туризмі жылы» іс-шарасының ашылу салтанатына қатысты. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев 2023 жылы Қытайға жасаған ресми сапары барысында 2024 жыл «Қытайдағы Қазақстан туризм жылы» деп жарияланып, сәйкесінше ҚР Туризм және спорт министрлігімен іс-шаралар жоспары бекітілген. Осыған орай Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы 28-30 наурыз аралығында ҚХР-ның Бейжің қаласында «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» іс-шарасының ашылу салтанатына қатысты. Бұл туралы аталған басқарманың ресми сайты хабарлады.
Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов және туристік бизнес өкілдері бастаған делегация қатысты.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі бастаған делегация құрамының қатысуымен туристік және инвестицияларды дамыту форумы өтті. Аталған форумда Асылов Қуаныш Жұмабекұлы қаламыздың туристік және инвестияциялық әлеуеті жайлы баяндама жасап, өз сөзінде Шымкент қаласы Қытай Халық Республикасының Сиань және Байинь қалаларымен бауырлас қарым-қатынас орнатылғанын айтып өтті. Бұл байланыстар өз кезегінде түрлі салаларда кеңінен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретінін және Шымкент каласының оңтайлы географиялық орналасуына байланысты көрші нарықтарға қолжетімді екенін атап өтті. Қазакстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің туризмді дамыту бойынша әзірленген ТОП-20 дестинациясында Шымкент каласы Қазақстанның гастрономиялык орталығы болып анықталған.
Шымкент қаласының сан алуан дәмді тағам түрлері мен гастрономиялық туристік әлеуеті өте жоғары болғандықтан талғамы жоғары туристерге нағыз таптырмас бағыт екені белгілі.
Одан бөлек, еліміздің үшінші мегаполисінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға да ыңғайлы жағдайлар жасалған. Барша қытай жұрты туристік, іскерлік мақсаттарда шырайлы Шымкент қаласына қонақ болуға шақыру алды.
Сонымен қатар, арнайы Шымкент қаласының көрме бұрышы орнатылды. Көрме алаңында Шымкент қаласының көрікті орындары, тарихы және гастрономиялық туристік маршруттары келуші қонақтарға ұсынылды.
Көрмеге келуші 500-ге жуық қонақтар мен іс-шара қатысушыларға Шымкент қаласының ұлттық тағамдары, тәттілері мен Наурыз көже таратылды. Шымкент қаласының көрме бұрышынан Қазақстанға танымал спорт және өнер жұлдыздары дәм татып, Шымкенттің қонақжайлы қала екеніне ризашылықтарын білдірді.
Үш күнге созылған іс-шара аясында Шымкент қаласының туристік әлеуеті тныстырылды. Сонымен қатар, қазақ халқының мәдениеті, салт-дәстүрі мен ұлттық ойындары көрсетілді.
Қазақ тағамдары Бейжіңдіктердің қызығушылығын тудырып, қала тұрғындары бауырсақ, қазы, құрт, наурыз көжені қуана-қуана сынап көрді. Шымкент делегациясы осы тағамдарды дайындаудың құпияларымен бөлісті.