Шымкент: «Жүректен жүрекке» жобасы аясында көмек жөнелтілді
Шымкент қаласында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жинап, жөнелту жалғасуда. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Екі қабылдау пункті Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының және қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимараттарында ұйымдастырылған. Екі пунктке 199,4 тонна гуманитарлық көмек жиналған, оның ішінде негізінен азық-түлік, ауыз су және бірінші қажеттіліктегі заттар, сонымен қатар үрлемелі қайықтар, су сорғыштар, резеңке етіктер, құтқару кеудешелері, фонарлар, күректер, қолғаптар мен шлангтер бар.
Күні кеше қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы ашқан бекеттен тағы 33 тонна гуманитарлық жүк көлікке тиеліп, Солтүстік Қазақстан облысына жөнелтілді. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» жобасы аясында Шымкенттен жіберілген төртінші жүк.
Бұған дейінгі үш рейсте Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына 60 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілген болатын. Сондай-ақ Шымкенттен су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге теміржол арқылы 200 техника жөнелтілді.
Осы жерде айта кетері, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына байланысты жолдаған Үндеуінде:
--Су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылды. Сондай-ақ құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатыр. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Ондаған мың волонтер де көмектесіп жүр.
Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы.
Бұқаралық ақпарат құралдарына, белсенді азаматтарға және блогерлерге айтарым, жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды таратпау қажет. Қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды. Азаматтарды тек қана ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамын.
Құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғысымды айтамын. Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді,--деген болатын.