Шымкентте егіс жұмыстары басталып кетті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Жолдауында ауыл шаруашылығы саласындағы басым бағыттарды айқындап берген болатын.
--Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн. Осы ретте 100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жем-шөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек,--деп атап өткен болатын Президент.
Шымкент қаласында осы бағытта біршама жұмыстар атқарылуда. Мегаполисте бүгінде көктемгі егіс жұмыстары басталып кетті.
Шымкент қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл жалпы көлемі 26,5 мың гектарға егіс егіледі. Бүгінгі таңда жоспардың 75 пайызға жуығы орындалды. 10 мыңнан астам гектарға дәнді дақыл, 8,6 гектарға малазықтық, ал қалған аумаққа майлы дақыл, картоп пен көкөніс тұқымы себілді.
Сонымен қатар, алдағы күндері бақша мен майлы дақылдар егіледі. Жалпы бұл егіс алқабынан 86 мың тонна өнім жиналады деп күтіледі.
Өнімділікті арттыру мақсатында егін шауашылығы саласын мемлекеттік қолдауға жергілікті бюджеттен 143 млн 226 мың теңге қаржы қаралған. Оның ішінде 122 млн 146 мың теңгесі минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға, 20 млн 480 мыңы тұқым шаруашылығын дамытуға, ал 600 мыңы пестицид пен биоагенттердiң құнын субсидиялауға бағытталған.
Сонымен қатар, субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге бөлінген 36 тонна жеңілдетілген жанар-жағармайға 1 870 гектар егіс алаңын құрайтын 5 шаруа қожалықтың өтінімі қабылданды.
Шымкент қаласы бойынша көктемгі егіс жұмыстарына бөлінген жеңілдетілген жанар-жағармайды таратушы оператор анықталып, «ҚазМұнайГаз» ҰК арасындағы тиісті шарт жасалды. Қазір бекітілген кестеге сәйкес ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне үлестірілу жұмыстары жүріп жатыр.