Шымкент: Техникалық маман даярлау--өзекті мәселе
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр халыққа арнаған Жолдауында еліміздегі маман тапшылығы, кадр даярлау мәселесіне тоқталып, бірқатар тапсырмалар берген болатын. Президент:
-- Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн. Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнатуы қажет. Экономиканың басымдықтарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керек.
Қазір еңбек нарығында ауқымды өзгерістер болып жатыр. Онда цифрлы экономиканың рөлі арта түспек. Платформалық жұмыспен қамту жүйесіне қызығушылық артып келеді. Осы секторда қазірдің өзінде жарты миллионнан астам адам жұмыс істейді. Алайда олардың еңбек құқықтары толық қорғалмаған. Сондықтан осы санаттағы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың нақты тәсілдерін әзірлеп, платформалық жұмыспен қамту мәселесін түгел реттеу қажет,--деп атап өткен болатын.
Жуырда «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңес мүшелері, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының өкілдері «Энергоорталық-3» АҚ-ның жұмысымен танысып, жұмысшылардың талап-тілектерін тыңдады. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Жұмысшы-мамандардың айтуы бойынша кәсіпорында білікті мамандардың жоқтығы қиындық келтіруде. Жалақының аздығынан тәжірибелі мамандар табысы жоғары жұмыс іздеп, басқа кәсіпорындарға кетіп қалған. Сондықтан, осы мәселе шешімін таппаса, жұмыс тұралап қалатынын жеткізді.
Ал Шымкентте кәсіпорынға қажетті мамандарды Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, политехникалық колледж, Алматы энергоинституты даярлайды.
Сондықтан, оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, студенттерді кәсіпорында іс-тәжірибен өткізіп, болашақта кәсіпорынға жұмысқа алу мәселесін жолға қою керектігі айтылды.
Жұмысшы-мамандардың уәжін тыңдаған AMANAT» партиясының өкілдері бұл мәселені бақылауына алатындықтарын жеткізді.
Жалпы «Энергоорталық-3» АҚ - Шымкенттегі жылу өндіретін ең ірі кәсіпорын болып саналады. Оның құрамына 3-жылу электр станциясы, жалпы аумағы 234,4 шақырымды құрайтын қос қатарлы жылу құбырлары жүйесі, 5 жылу қазандығы, 9 насос станциясы кіреді. Кәсіпорын Шымкент қаласының тұрғындарын толығымен жылумен қамтуға қабілетті. Қазіргі таңда жылу беру маусымы аяқталды.