Шымкент: Апат аймағына 200 техника жіберілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына байланысты жолдаған Үндеуінде:
--Су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылды. Сондай-ақ құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатыр. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Ондаған мың волонтер де көмектесіп жүр.
Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы.
Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі. Құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғысымды айтамын. Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді,--деген болатын. Су тасқынына ұшыраған өңірлерге көмек жөнелтілуде.
Мәселен, Шымкент қаласынан төтенше жағдай жарияланған облыстарға жалпы саны 200 техника жіберілді.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков техникаларды тиеу және жөнелту жұмыстарының барысымен танысты. Қала әкімдігіне қарасты басқармалар мен жеке компаниялар техникаларды пойызға тиеп, топан судан зардап шеккен облыстарға жөнелтті.
Оның ішінде елдімекенді тазартуға, бөгеттерді алуға және жер қазуға көмектесетін жүк көлігі, экскаватор және бульдозер сынды техникалар бар.
Сонымен қатар, бұған дейін қалалық төтенше жағдайлар департаментінен құтқарушылар мен техникалар көмекке аттанған еді. Олар қазір су шайған елдімекендерде апаттық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізуде қол ұшын созып жатыр.