Шымкент: Полиция есірткі жарнамаларын жойды

Oinet.kz 15-04-2024 692

9b21586bf965a5e0cc64ac8207f110dc_original.105454.jpeg 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда:

-- Есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды. Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын,--деген болатын. 

Шымкенттік полицейлер есірткі саудасына қарсы жұмыстарды күшейтті. Мәселен жуырда Шымкентте ғимарат қабырғаларынан 200-ге жуық есірткі жарнамасы жойылды.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің хабарлауынша, мегаполистің тәртіп сақшылары ғимараттардың қасбеттерінде қалдырылған граффити түріндегі есірткі жарнамасын анықтау және жою бойынша кезекті профилактикалық іс-шара өткізді.

Бүріккіш бояумен қаруланған полицейлер есірткіні насихаттайтын екі жүзге жуық жазуды анықтап, бояды.

Осылай рейд барысында қала аумағындағы ғимараттардың, қоршаулардың, аялдамалардың және басқа да қасбеттердің қабырғаларынан есірткі заттарын тұтынуды және өткізуді насихаттау жүзеге асырылатын интернет-ресурстардың нөмірлері мен атаулары көрсетілген граффити алынып тасталды.

Есірткінің заңсыз айналымына қарсы бағытталған жұмыстар тұрақты негізде жүргізіледі.

Бүгінгі таңда есірткі қылмысы мен нашақорлық мәселесі өте өзекті. Аталған дерттің алдын алу үшін құқық қорғау органдарына тапсырмалар жүктелген.

Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлерімен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша арнайы профилактикалық дәрістер мен сабақтар ұдайы түрде өткізіледі.


Қайғылы жағдай болмау үшін...
Шымкент: Апат аймағына 200 техника жіберілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу