Студенттермен профилактикалық кездесу өтті
Шымкентте құқық қорғаушылар студенттермен профилактикалық кездесу өткізді. Бұл туралы Шымкент қаласының Полиция департаменті хабарлады.
Дөңгелек үстел ҚР ІІМ Б.Момышұлы атындағы оқу орталығы өкілдерінің, прокурордың және Еңбекші АПБ ювеналды полицейлерінің қатысуымен Мирас университетінде өтті. Іс-шараның мақсаты жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру болып табылды.
50-ден астам студентке заң бұзушылықтардың ауыр зардаптары туралы түсіндірілді, және оны жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктер туралы айтылды. Сондай-ақ, жиын барысында «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында презентация көрсетіліп, нақты мысалдар келтірілді.
Сақшылар жастарды тәртіпті болуға, жақсы оқуға, уақытты тиімді пайдалануға және спортпен шұғылдануға шақырды.
Қатысушылар полицейлерге өздерін қызықтырған сұрақтар қойып, толыққанды жауаптар алды.
Соңында педагогтар қонақтарға студенттерді құқықтық ақпараттандырғаны және кеңес бергені үшін алғыс сөздерін білдірді.
Сондай-ақ, мегаполис полицейлері жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған арнайы профилактикалық іс-шараларды ұдайы түрде өткізуде.
Ттәртіп сақшылары А.Бокейханов атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектептің оқушыларына есірткінің зияндығы мен қауіп-қатерін, нашақорлыққа шалдығудың салдарын және есірткінің заңсыз айналымымен байланысты құқық бұзушылықтар үшін белгіленген жауапкершілікті түсіндіріп, салауатты өмір салтын ұстану қажеттілігі туралы еске салды.
– Қазіргі уақытта нашақорлық қоғамдық ауқымдағы маңызды мәселе болып тұр. Жастар арасындағы нашақорлықтың алдын-алудың бір жолы түсіндірме жұмыстарын жүргізу болып табылады,-дейді құқық қорғаушылар.
Өз кезегінде оқушылар зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытында пайдалы істермен айналысуға, спортпен шұғылдануға шақырды.