Аманатқа қиянат жасаған адам екі дүниеде де оңбайды екен

Oinet.kz 07-01-2023 3781

Кеңес өкіметінің кезі болса керек. Сыр сүлейлерінің сарқыты, атақты жырау Алмас Алматовтың үйіне бір туысқан жамағайыны келеді. Қалаға келген. Қалтасындағы қаржысын жаратып қойып, ауылына қайтатын ақшасы қалмапты. Алмас ағаны арқа тұтып, табан тіреп келіп отырған беті екен. Шәй ішіледі. Тамақ желінеді. Туысқаны шаруасын айтады. Алмас аға 50 сом береді. 

Screenshot_5.jpg

- Айналайын, Алмасжан-ау, мынауың көп қаржы. Маған ауылға жететін ғана ақша керек. Оның үстіне мұны қайтарудың өзі қиынға соғады.

- Аға, қайтарамын деп әуре болмаңыз. Ініңіздің ілтипаты деп білерсіз.

- Жоқ, қарағым, әр нәрсенің қайтарымы болады. Мен қарыз сұрай келіп отырмын ғой.

Алмас ағаның егіз ұлы бар ғой. Құлдыраңдап шауып жүрген қос құлынына қарапты да "Аға, ауылға барғаннан кейін мына екі баланың еншісі деп екі қозыға ен сала салыңыз, қайтарымы сол болсын". Әңгіме осымен тәмәм. Арада біраз уақыт өтеді. Кеңес өкіметі құлайды. Тәуелсіздік орнайды. Кешегі екі бала жігіт болып, ат жалын тартып мінеді. Күндердің күні болғанда жаңағы ағасының денсаулығы сыр беріп, қалаға емделуге келеді. Онда да Алмас ағаға "ауруханаға жатуға көмектес" деген өтінішпен келсе керек. Зыр жүгіріп шаруасын реттеп береді. Сөз арасында ұлдың біреуі үйленетінін, соның қат-қабат тіршілігімен жүргені, қаржыдан таршылық көріп қалып жатқаны айтылады. Сонда ағасы "Алмасжан-ау, біздің үйде балалардың еншісі бар ғой. Сол малды неге алмайсың? Қажетіңе жарайды ғой",- депті.

- Ол қандай енші, аға?

- Айналайын-ау, баяғыда өзіңнен ақша алып, ақысына екі қозыға ен салдым. Сол екі қозың бүгінде 80 бас қойға айналды. Жиырмаға тарта сиыр бар.

Алмас аға аң-таң. Өзі білмейтін бір отарға жуық малы бар екен.

- Аға, қойдың жайы белгілі болды. Сиыры несі?

- Алмасжанның үйіндегі балдардың еншісі болсын деп екі бұзауға ен салғам. Соның көбейгені ғой. Малыңның басы аман. Бәрі орнында тұр. Көлігіңді жібер де, алып кете ғой.

Содан Алмас аға малын алдыртып, баланың тойын өткізіпті.

Осы әңгімені естігенде таң-тамаша болдық. Қазақтың оқымаған қарапайым ақсақалының адалдығына сүйсіндік. Аманатқа адалдық. Қанша уақыт өтсе де малдың басына тиіспей, өз дүниесінен артық көріп бағып, өсіргені. Бүгінде оқыған қазақтар бірін-бірі алдап, бірінің аузындағы несібесін екіншісі іліп кетіп жатқан заманда мынандай ірілікті, кісілікті аңсайды екенсің. Бізге сырттан адамдықтың, адалдықтың үлгісін іздеп керегі жоқ. Өзімізде бар, болған дүниені қайта тірілтсек те талай жақсылыққа жолығар едік қой...

Ресейдегі бүкіл әскери бөлімді қазақша сөйлеткен үш қазақ
Нашар қыздың қалыңмалына 7 сиыр берген жігіт
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу