Кадиовертер жүрек жұмысын жақсартады
26-01-2024
Бір танысымыз араққа салынып кеткен ұлын арақ қойдыратын тәуіпке Тараз қаласына алып бара жатқанын айтқан еді. Ол: «Ұлым ішпесе тәп-тәуір жігіт. Бұрын арақты ұрттап алғанын көрмеуші едік. Әскерге барып келгелі осы арақ деген пәлеге үйір болып алды.
Бұл әдетін қоятын шығар деп үйлендірдік. Келін түсіргенімізге де көп болған жоқ. Келініміз де аққудың көгілдіріндей сүп-сүйкімді. Қазір аяғы ауыр. Енді бар үмітіміз сол Тараздағы тәуіпте…» – деді.
Осыны естіген соң біз Тараздағы тәуіптің қандай кереметі бар екенін сұрастыра бастадық.
«Менің жұбайым өзінің досы және оның інісімен бірге былтырғы жылы Тараздағы арақ қойдыратын тәуіпке барған еді, – дейді Шымкент қаласында тұратын Ләйла есімді келіншек. – Тәуіп оларды оқып, бір-бір шөлмек араққа дем салып беріпті. Дем салынған арақты келген соң ішіп тауысу қажет көрінеді. Сол шөлмектегі арақ таусылғанда араққұмар адам өз-өзінен қайта арақ ішпейтін болып кетеді-мыс.
Жұбайым үйге келген соң тәуіп берген арақты ішкен сайын лоқсып, құсып жүрді. Соған қарағанда арақтың ішіне бірдеңе қосып жіберген шығар деп те ойлаймын. Ол: «Осы шөлмектегі арақ таусылған соң арақ ішсеңдер өлесіңдер» – деп айтқан екен. Алайда тәуіптің айтқаны айдай келе қоймады. Бір ай, жарым ай арақты қойғансып жүрген жұбайым көп ұзамай таз қалпына түсті. Алғашында той-томалақ пен отырыстарда арақ ішуге қорқып, жүрексініп те жүрді. Кейіннен «оригинал» арақты ішсең бәле де қылмайды екен», – деп мәз болып, араққа сылқия тойып келетінді шығарды».
…Осы тақырыпта тілдескен тағы бір танысымыздың әңгімесіне де қайран қалдық.
«Менің қайным арақ десе ішкен асын жерге қоятынның нақ өзі, – дейді Асқар есімді жігіт. – Жұбайым сол Тараздағы арақ қойдыратын тәуіпті естіп алып, қоярда-қоймай інісі Мақсатты алып баруға көндірді. Біз тәуіптің алдына бардық. Онда кезек күткен адам көп екен. Жиналған жұрттың бәрін бір мезгілде қабылдаған ол өлеңдетіп тұрып сайрай жөнелді. Не керек, алдындағы арақ қоюға ниет еткеннің ата-бабасының әруағын шақыртып, өзі де арқасы қысқан жандай еліріп кетті. «Ата-бабамыз дүниеден өтіп кеткен ғой. Әруаққа сыйынғаны несі мұның? Неге бір Құдайға тапсырмайды екен?» деп ойладым.
Тәуіптің ата-баба әруақтарын қозғап, олармен тілдесіп жатқанын айтқанда өзім біртүрлі болып кеттім. Баяғыда мектепте бұзақылық жасай қалсақ, ата-анамызды шақыртатын мұғалім апайлардың тірлігі есіме түсіп кетті. Бұл қайным құлқынның құлына айналып кеткен жан ғой. Ол көзі тірі ата-анасының айтқанын тыңдамай отырғанда, сүйегі әлдеқашан қурап кеткен ата-бабасының әруағын қайдан тыңдасын? «Баласы жаманды түйенің үстінен ит қабады» деген мақал ойыма оралды. Ұрпағының иманы әлсіздігінен мүрдесінде де тыныш жата алмады ғой марқұмдар деген ой келді. Маскүнем немере-шөбересі үшін өлген адам қайдан жауап берсін, тірілер жауап бере алмай отырғанда?
Исламда Құдайдан басқадан медет сұрау – Аллаға серік қосу болып табылатынын ойлап, мына тәуіптің қылығына әбден қынжылдым».
…Ал жасы елу бестердегі Әнипа есімді апайдың айтқандары жоғарыдағы екі пікірге мүлдем қайшы.
«Жұбайым дүниеден ерте озды, – дейді Әнипа апай. – Үш қыздан кейінгі ілескен жалғыз ұлым араққа салынып кеткен еді. Нағашысы ұрсып жүріп, мас болып жатқан жерінен көлігіне мал өңгергендей салып алып, Таразға алып кетті. Содан Құдай ынсап берді ме, әйтеуір арақты ұрттап алмайтын болды. Құдайға шүкіршілік етіп, ұлымның арақ қоюына себепкер болған ініме күнде алғысымды айтып отырамын», – дейді ол.
«Арақ қойдыратын тәуіптерге сенуге бола ма?» – деген сауалымызды дін өкілдеріне де қойған едік.
«Құмалақ ашу, балгерлер мен тәуіптер – Ібілістің жамағатынан саналады. Оларға ой-өрісі таяз, иманы әлсіздер ғана барады. Есі дұрыс, балиғатқа жеткен, саналы мұсылман баласы бар жақсылықты бір Алладан ғана сұрауы керек. Әрбір мұсылман бес уақыт намаз оқып, оразасын тұтып, Аллаға бар ниетімен құлшылық етер болса, ешқандай тәуіп-балгерді қажет етпес еді. Мұсылманның бойына мысқалдап мініп алған шайтан араққа салындырып, Құдайға емес, өзіне құлшылық еткізгісі келеді. Намаз оқыңыз, білмесеңіз үйренуге талпыныңыз. Сонда харамнан тазарасыз. Ібілістің жамағатынан саналатын тәуіптер мен бақсы-балгерлердің алдау-арбауына түспейсіз», – дейді мешіт қызметкерлері.
М. ЖҰМАБЕК.
Замана газеті