Көмекбаева көмектеспесе туысқаны Ахметбаев төсбелгі алар ма еді?

Oinet.kz 13-11-2009 1123

Screenshot_17.png    

Білім саласындағы қызметкерлердің қай-қайсысы да «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгіні алуды армандайтыны анық. Ұлылықтың ұстыны саналатын ұстаздық мамандықтың қазақ қоғамында алғаш іргетасын қалап, көшін бастаған алыптың атындағы төсбелгіні тақсам деген арманына қол жеткізе алмай ұзақ жылдар бойы есепсіз төккен терінің өтеуін көрмегеніне   өкініп, өкпелеп жүргендер қаншама. Таяуда Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың бұйрығымен осы төсбелгі оңтүстіктің білім саласынан үздік шыққан үш адамға беріліп, оның біреуі  Ленгір қаласындағы құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернаттың директоры Аманбек Ахметбаевқа бұйырды. Облыстық білім беру басқармасының бас маманы Айдар Таштановпен тілдескенімізде мұндай марапатқа ұсынылғандар, алдымен мектеп ұжымының, одан өткендер аудандық білім бөлім бөлімінің, одан кейін облыстық білім басқармасының талқысынан өтіп, Білім және ғылым министрлігіне жолданатынын білдік. Сонда дейміз-ау, облыстағы 1000-нан аса мектептің арасынан іріктелген үздік үштіктің ішіне дәл Ахметбаевтың іліккені сәйкестік пе, әлде әдейі әзірленген сценарий ме? Әйтеуір бір білетініміз Қайтпас ауылының әкімі, одан кейін Абай ауданы әкімінің орынбасары болып жүріп Ахметбаевтың ойда-жоқта  Ленгір қаласындағы құлағы нашар еститін мектеп-интернаттың басшылығына ауысқанына көп бола қойған жоқ.  Сол жолы ел аузында  «облыстық білім басқармасының бастығы Балқия Көмекбаева туысқанынына, немере інісіне көмектеспегенде мұндай қызметтің қызығын көрер ме еді» деген пікір туындаған еді. Бұл жолы «Көмекбаева көмектеспегенде туысқаны Ахметбаев төсбелгі алар ма еді?» дейтін сауал тағы да  көлденеңінен тап болып тұр. Бұған Сіздер не дейсіздер, мәртебелі оқырман?

"Рейтинг" газеті №40, 13 қараша 2009 жыл

Жетпісбаевтың командасы екі сөйлеп, елді алдады
Сәкен Майғазиев: Фонограммамен айтатындар айтып жүре берсін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу