Кинотеатрлар монополиясы қазақ киносын тұншықтыруда

Oinet.kz 23-01-2026 47

Кинотеатрлар монополиясы  қазақ киносын тұншықтыруда Бүгінде кино тәрбие құралы ғана емес табыстың қайнар көзіне айналғаны рас.  Кассалық түсім, прокаттағы алғашқы демалыс күндері, көрілім саны, стриминг платформаларындағы рейтинг – бәрі фильмнің «сәтті» немесе «сәтсіз» екенін анықтайтын негізгі өлшемге айналды. Сол себепті продюсерлер мен студиялар бір-бірінен озып, рекорд жаңартуға ұмтылады. 

MyCollages.jpg

Еліміздің барлық кинотеатрларында  18 желтоқсаннан бастап қазақ және орыс тілдерінде  көрсетіліп жатқан  режиссер Джеймс Кэмеронның «Аватар: От пен Күл» фильмі жыл басының әлемдік рекордын ұстап тұр. Туындының табысы екі аптада әлемдік кассада 1 миллиард доллардан асып түскен. People басылымының мәліметінше, алдыңғы екі фильм де миллиардтаған қаражат жинаған. 2022 жылғы «Аватар: Су жолы» фильмі 14 күнде 1 миллиард доллар тапса, 2009 жылғы «Аватар» 17 күнде 1 миллиард доллар тапты. Франшизадағы алғашқы екі фильм барлық уақыттағы ең көп қаражат жинаған фильмдер қатарында. 

Барлық «Аватар» фильмдерінің табысынан басқа, Джеймс Кэмеронның «Титанигі» 2 миллиард доллардан астам қаражат жинады. Осылайша бұл оны тарихта бюджеті 1 миллиард доллардан асатын төрт фильм түсірген алғашқы режиссер атандырды. 

«Аватар: От пен Күл» – 2025 жылы шыққан және кассада 1 миллиард доллардан асқан үш фильмнің бірі. 20th Century Studіos мәліметі бойынша, «Лило и Стич» 1,038 миллиард доллар, ал «Зверополис 2» 1,51 миллиард доллар табыс тапты. Жалпы «Аватар: От пен күл» фильм сериясындағы ең ұзақ уақытқа созылған бөлімі. Тағы екі «Аватар» фильмі әзірлену үстінде, алайда 71 жастағы режиссер Кэмерон жақында фильмнің жалғасы болатынына сенімді емес екенін мәлімдеді. «Бұл әрі қарай жалғаса ма, жоқ па, білмеймін. Солай болады деп үміттенемін. Бірақ, білесіз бе, біз әрбір нарыққа шығудың экономикалық тұрғыдан тиімді екенін дәлелдейміз», – деді ол  Entertaіnment Weekly басылымына. 

Айта кеткен жөн, «Аватар: От пен күл» фильмі  қазақша дыбысталған әйгілі режиссердің алғашқы фильмі емес. 2022 жылы «Аватар: Су жолы» киносы да көрермендерге қазақ тілінде жол тартқан еді.  Дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев бұған дейін қазақ тілінде дыбысталған фильмдерге әлемдік компания жоғары баға бергенін атап өтті. Жалпы 2025 жылы Dіsney студиясы «Элио», «Лило мен Стич» және «Аңдар шаһары 2» фильмдерін қазақ тіліне дубляждады. Ал 2024 жылы әлемдік кинокомпания «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша» атты үш фильмін қазақ тіліне аударуға тапсырыс беріп, дубляж жұмыстарын қаржыландырған болатын. 

Әлемдегі  ең көп  табыс тапқан  актриса 

Ал  «Аватар» жұлдызы Зои Салдана ең көп табыс тапқан актриса ретінде тарихқа енді. Ол Скарлетт Йоханссонды басып озды. Оған «Аватар: Су жолы» фильмінің табысы негізгі себеп болды. Оның дәл қазіргі уақыттағы табысы 1,23 миллиард доллар. The Numbers журналының мәліметі бойынша, Салдананың қатысуымен түсірілген картиналар 15 миллиард доллардан астам табыс тапқан. Оның кассалық кірісінің негізгі бөлігі Dіsney-дің екі ірі франшизасынан - Marvel Cіnematіc Unіverse фильмдерінен және «Аватар» трилогиясынан түсті. Скарлетт Йоханссон екінші орынға түсті, ал Сэмюэл Л.Джексон үшінші орында. 47 жастағы актриса барлығы 123 марапатқа ұсынылды. Ол «Оскар», «BAFTA», «Канн кинофестивалі» және бірнеше «Сыншылардың таңдауы» сияқты беделді марапаттардың иегері. Салдана сонымен қатар «Алтын глобус» және «Киноактерлер гильдиясының» сыйлығын жеңіп алды.  

«Дәстүр» «Аватардан» озды 

Әлемдік рекорд орнатқан «Аватар» Қазақстанда бұл жеңісін қайталай алмады. Себебі қазіргі таңда елімізде ең көп касса жинаған «Дәстүр. Теріс бата» фильмі болып тұр.  Отандық  мистикалық хоррор  ішкі нарықта әлемдік блокбастерлермен тең дәрежеде бәсекелесе алатын қазақ киносының жаңа деңгейін көрсетті. 25 желтоқсанда тұсаукесер күні «Дәстүр: Теріс бата» «Аватардан» озып, Кэмеронның туындысы 59 млн теңге жинаса, қазақ туындысы екі есе көп қаржы – 109 млн теңге жинады. Келесі күні көрсеткіштер теңесті, алайда танымал режиссер Әлішер Утевтің «Дәстүрі»  қаңтар айында да  тұрақты табыс жинауды жалғастырды. Алғашқы демалыс күндерінің нәтижесінде отандық хоррор 400 млн теңгеден астам ақша жинап, Нұрлан Қоянбаевтың «Қазақ Әлемі 2» және Диснейдің «Аңдар шаһары 2» фильмдерінен төрт есе көп, ал Джек Блэк пен Пол Радд түскен «Анакондадан» алты есе табыс тапты. Өзге бәсекелес туындылар көш соңында қалып қойды. Нәтижесінде, «Аватардың» өзі басты қазақстандық қарсыласынан алысқа ұзай алмады – шамамен 60 млн-ға көп жинады. 

Отандық  миллиардер фильмдер көбейді 

Соңғы жылдары қазақстандық киноиндустрия қарқынды дамып, жыл сайын кассалық түсімдердің жаңа рекордтары орнап келеді. Отандық фильмдер бір-бірімен бәсекеге түсіп, шетелдік картиналарды артта қалдырып жүр. Kіnomanіa.kz сайтының мәліметінше, қазақстандық кино тарихында 17 коммерциялық фильм миллиард теңгеден астам кассалық түсім жинаған. Ал 2025 жылы актриса Дариға Бадықованың «Ыстық ұя» драмасы 1 754 600 300 теңге жинаса, полицейлер өмірі туралы «Патруль. Соңғы бұйрық» туындысы – 1 727 008 730 теңге, «Молда» комедиясы – 1 558 337 191 теңге, «Қолыңнан келсе алып қаш» комедиясы – 1 402 320 000 теңге табыс тапқан.     

Жалпы еліміздегі киноөнімінің 90%-ы коммерциялық киноға тиесілі. Ал былтыр мемлекеттің қолдаумен Кино орталығы арқылы 15 киножоба түсірілімге жіберілген. Олардың ішінде 8 көркем фильм («Ақжелең», «Бүркітші», «Дни», «Кенжем қайда?», «38», «Тревожная ночь», «Сағындым сені», «Мұғалім»), 2 деректі фильм («Венера. Баладан – бақ, қамыстан – құт», «Батыл бол») және 3 анимациялық фильм («Адамзатқа іздеу саламын», «Жібек», «Команда А.») бар. 

Қаңтар айының 15-ші жұлдызынан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында  «Гипноз», «Жұмақтан билет», «Құшақташы мама» атты отандық фильмдер көрерменге жол тартқанын айта кетейік. Олардың кассалық түсімі жоғарыда аталған фильмдерді басып оза алар ма екен?   

Табыстың жартысы монополияларға  тиесілі 

Отандық фильмдер «милллиардер» атанып жатқанымен, іс жүзінде байып жатыр деп айта алмаймыз. Себебі табыстың жартысын кинотеатрлар «жұтып» жатыр. Бұл мәселені жақында  Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев көтерген болатын. Депутаттың айтуынша, ірі кинотеатр желілері фильм кассасынан түскен жалпы табыстың 50 пайызын алғашқы күннен бастап өздеріне алады. Бұл таза пайдадан емес, сатылған билеттердің жалпы сомасынан есептеледі. «Режиссерлер мен продюсерлер кинотеатрлар тарапынан болатын қысымнан қорқып, үндемеуге мәжбүр. Осы жағдай қазақстандық кинобизнесті тұншықтырып жатыр», – деді депутат. 

Депутаттың пікірінше, осындай әділетсіздік қазақстандық фильмдердің сапасына да әсер етеді. Кино өзін-өзі ақтау үшін кассалық табыс өндіріс бюджетінің кемінде үш есесін құрауы керек. «Неліктен бізде тек комедиялар түсіріледі де, маңызды тарихи, мәдени фильмдер шықпайды деген сұрақтың жауабы да осында жатыр. Күрделі дүниелерге ақша жетпейді, себебі табыстың бәрін монополист кинотеатрлар иемденіп алады», – деді ол.  

Бұл орайда депутат мысал ретінде «Qaіtadan» фильмін келтірді. Оның бюджеті – 190 млн теңге, прокаттағы табысы – 1 млрд теңгеден астам. Алайда, 550 миллионы кинотеатрларға кеткен. Яғни, жеке бизнес мемлекеттік қаржы есебінен бірнеше есе пайда көріп отыр. Осыған байланысты «Amanat» партиясы фракциясы ұсыныс жасады: киностудия өз шығынын толық қайтарып алмайынша, кинотеатрлар табыстан үлес алмайды; пайданы бөлу тек фильм өзін-өзі ақтағаннан кейін басталуы тиіс. 

Қазіргі таңда елдегі кинозалдардың 40%-ын Kіnopark пен Kіnoplexx желілері бақылайды, ал мегаполистерде Chaplіn және Cіnemax үстемдік етеді. Депутат осы шектеулі топтардың ықтимал жасырын келісімдері мен баға саясатын Бәсекелестікті қорғау агенттігі мен мемлекеттік органдар шұғыл тексеруі керек деп санайды. Әйтпесе, қазақ киносы тек жеңіл жанрлық фильмдер деңгейінде қалып қоюы мүмкін. 

"Рейтинг" газеті

Серік Сәпиев пен орынбасарының дауласқан видеосы тарады
Президент әкімін мақтаған облыс соңғы орындарда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу