«AMANAT»: Депутат қосалқы шаруашылықты қолдауға дайын
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы жанынан құрылған республикалық штаб мүшесі Сырым Ертаев жұмыс сапарымен Қазығұрт ауданында болды. Таяуда толассыз жауыннан зардап шеккен Шанақ және Қақпақ елді мекендеріне барып, ауыл халқының жағдайымен танысты. Әңгімелесу барысында өңірге келудегі негізгі мақсаты - референдумды өткізудің мән-маңызын халық арасында насихаттау екенін жеткізді.
- 1 аптадан бері елмен кездесіп, өзгеріске енгелі тұрған саяси жүйе жайлы жалпақ тілде түсіндірмелер жүргізудеміз. Байқағаным халықтың көңілінен шығып жатқан «Күшті Президент-ықпалды Парламент-есеп беретін Үкімет» қағидаты. Мемлекет басшымыз осы орайда референдумды Парламент қабырғасына емес, халықтың игіліне ұсынып отыр. Сол себепті болашаққа нақты қадаммен жету үшін алдымен Ата Заңымыздағы түзетулерді қолдауымыз қажет, - деді ол.
Аталған кездесулерге Түркістан облыстық мәслихат депутаттары Г.Тәжібаева және Н.Аширов бой көрсетіп, түсіндірме жұмыстарына қатысты. Жаңа Конституцияның жобасына қатысты сауалдарға жауап берген Мәжіліс депутаты тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстарды тыңдады. Мәселен, жергілікті соттардың жұмысын бағалау және олардың қызметін кері қайтару еркі халыққа берілсе деген пікірлер айтылды. Депутат ауыл халқының талап-тілегін зерделеп, Парламентке жеткізетінін айтты.
Жоспардан тыс Қарабұлақ елді мекеніне де аяқ тіреп, шаруалармен кездесті. Онда ет экспорты, жем-шөп мәселелері талқыланды. Азаматтармен сұқбаттаса келе, С.Ертаев ауыл халқының әлеуеті мен экономикасын арттыруға, оның ішінде ауыл шаруашылығы, сондай-ақ жиі көтерілетін жер дауына қатысты кедергілер мен мүмкіндіктер жайын сөз етті. Қосалқы шаруашылықты дамыту, мал бордақылау және оны сату жолдарын атап өткен халық қалаулысы, білікті компаниялармен байланыстыруға көмек көрсетпек ниетте. Штаб мүшесінің Түркістан облысындағы жұмыс сапары 3 маусымға дейін жалғасады.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі
#ReferendumAMANAT