Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 22 наурыздан батсап 600 әуе рейсі тоқтайды
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның шешімдерін орындау үшін 2020 жылғы 22 наурыз күні сағат 00:00-ден бастап халықаралық және жүк рейстерін қоспағанда, барлық қазақстандық әуе компаниялардың Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан тұрақты және тұрақты емес (чартерлік) жолаушылар рейстері тоқтатылады, деп хабарлайды zakon.kz порталына сілтеме берген Oinet.kz.
ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің мәліметі бойынша, Нұр-Сұлтан қаласынан Алматы, Балқаш, Талдықорған, Петропавл, Тараз, Шымкент, Жезқазған, Қызылорда, Орал, Өскемен, Павлодар, Семей, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және тағы басқа қалаларға 16 ішкі бағыт бойынша аптасына 320 тұрақты рейс тоқтатылады.
Алматы қаласынан Нұр-Сұлтан, Балқаш, Көкшетау, Петропавл, Тараз, Шымкент, Жезқазған, Қарағанды, Қызылорда, Орал, Өскемен, Павлодар, Семей, Үржар, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және т.ағы басқа қалаларға аптасына 295 тұрақты рейс тоқтатылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия отырысының 2020 жылғы 16 наурыздағы № 1 хаттамасына сәйкес әуе компаниялар төтенше жағдай режимі қолданылатын кезеңде әуе билеттерін айыппұлсыз және толық көлемде қайтаруды рәсімдеуі қажет.
Азаматтық авиация комитеті азаматтардың шоғырлануын болдырмау үшін жолаушыларға 2020 жылғы 22 наурызда сағат 00:00-ден бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әуежайларына бармауды ұсынады.