Арайлы азаттықпен бірге дүние есігін ашқандар

Oinet.kz 12-12-2019 2195

Еліміз егемендігін алып, еңсе тіктегеніне биыл – 28 жыл. Осы жылдар аралығында ел басынан ауыртпалық кезеңдер мен қуанышқа толы сәттер өтті. Бір қиналып, бір қуанды. Бастысы, еңсені түсірмеді. Егемендіктің ақ таңы атқанда,  тәуелсіздікпен жарыса жеткен, өтпелі қиындықпен келген дербестіктің ақ таңын олар бірінші көрді. Тәуелсіздікті алғанда олардың шаңырағы екі бірдей қуанышқа кенелді. Бірі, ел аңсаған  - тәуелсіздік,  екіншісі – егемендік құрдастарының шыр етіп жарық дүниеге келуі. Кезінде ел іргесі бекігенде жаңа өмірдің есігін ашқан бүлдіршін бүгінде ел тұтқасын ұстайтын азамат, азаматшаларға айналған. Дербес елдің топырағында дүниеге келген олар Егемен елмен бірге есейіп, бой түзеді. Бәрінің дерлік бір ғана тілегі бар. Ол, тәуелсіз елінің дамуына тамшыдай болсын үлес қосу. Ел тұтқасы біздің қолымызда деп білетін олар болашақтың жоспарын жасап, биіктерді бағындыруда. Бірі Тәуелсіз елдің өнерлі азаматы болса, енді бірі, ағымдағы ақпараттардың жеткізушісі. Олардың арасында, заманауи аппараттарды және технологияларды меңгеріп, жаңа жобалардың авторы атанып, ел алғысына бөленіп жүргендері де бар. 

Тағай.jpg

Тағай НҰРАЛИЕВ, танымал әзілкеш: АЛТЫН АМАНАТ

Тәуелсіздік ең бірінші еліміз үшін және мен үшін баға жетпес ұлы құндылық, алтын аманат. Егеменді ел атанып, жаңа өмірге қадам басқан елімізбен бірге өсіп шыңдалу біз үшін үлкен сынақ. Тәуелсіздіктің құрдасы болғандығым үшін қуанамын. 1991 жылы 1 сәуірде Отырар ауданы, Шәмші елді мекенінде дүниеге келгенмін. Мектепті үздікпен бітірдім. 2008 жылы Академиялық инновациялық университетке түстім. 4 жылдан соң Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық институтын филология мамандығы бойынша тәмамдадым. Одан бері, бірнеше салада жұмыстар атқардым. Дәл қазіргі таңда «Tamasha.TV» телеарнасының редакторымын. Одан бөлек сценарий жазамын. Сәті келіп жатса қысқа метражды сериалдарға түсемін. Сонымен қатар, елімізге белгілі бірнеше тележобалардың авторымын. Мен жазған сериал жобалар «Жыл таңдауы 2016» музыкалық жүлдесі, «Бастық боламын» сериалының бірінші, екінші маусымын жазғанмын. Балапан телеарнасында көрсетілетін «Күлдір, бүлдірдің» біраз сценарийлерін және «Япыр-ай» скетчкомды жаздым. Одан кейін, жергілікті телеканалдарға да бірнеше жобалар ұсындым. Ол республика көлемінде танымал емес, алайда айтуға тұрарлық тартымды дүниелер. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына дейін де кішігірім жобаларды телеарналарға, продюсерлік орталықтарға, әлеуметтік желілерге де ұсынғанмын. Олардың біразы жүзеге асты, қуанамын. Бірақ, тәуелсіздіктің 30 жылдығына мына нәрсені ұсынамын деп нақты айта алмаймын. Бірақ, ойда бар. Ал, мықты дүние тудыру үшін белгілі бір уақыт керек. Демек, уақытым бар деген сөз. Ал, егемен елдің болашақ ұрпақтарына және құрдас қатарластарыма айтарым, ел тұтқасы біздің қолымызда. Егемен еліміз жастар саясатына ерекше көңіл бөліп, халқымыздың толыққанды азаматы болуға жақсы мүмкіндік беріп жатыр. Мен - Тәуелсіздіктің құрдасымын. Сондықтан, тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосу, елдің бетке ұстар азаматы болу - басты арманымыз. Егемендіктің 28 жылдығында өсіп-өркендеп келе жатқан мемлекеттің абыройын асқақтатып, байрағын желбіретер тәуелсіз елдің құрдастары екені айқын. Сондықтан, ел үшін құнды болатын дүниелерді, жобаларды әрдайым қолдап, жүзеге асыруға дайынбыз. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биіктей берсін!

Әйгерім.jpg

Әйгерім ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ, журналист: ЕЛІММЕН БІРГЕ ЕСЕЙДІМ

– Есім кіргелі бері тәуелсіздік құрдасы екендігімді біліп, оны терең сезініп өстім. Елмен бірге есею – екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бақыт. Тәуел¬сіздіктің басты нышандарының бірі мемлекеттік дербес туы мен Елтаңбасы және Әнұраны болуы. Біздің бойымызда мемлекеттік рәміздерге деген құрмет пен оған ұқыптылықпен қарау секілді қасиеттер дарыды. Көк туы көкте желбіреген тәуелсіз еліміз 28 жылда асқақ арманына жетіп, аңсағанын көрді. Өткенінің өкінішін жуып, тарихтың қателігін жөнге келтірген толымды тірліктер атқарылды. 

Тәуелсіздік таңымен таласа туылып, еркін қоғамда бой жеттік. Алаңсыз бақытты балалық шақты бастан кешірдік. Бүгінде ширек ғасырлық тарихы бар – «Оңтүстік телеарнасында еңбек етіп келе жатқаныма 7 жылдан асты. Журналист болу менің бала күнгі арманым болатын. Теледидарға қарап, сондағы жүргізуші, тілші аға-әпкелеріме еліктеп өстім. Орта білімді аяқтаған соң, Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің журналистика мамандығына оқуға түстім. 2012 жылы кәсіби журналист ретінде алғаш еңбек жолымды бастадым. Сол уақыттан бері Оңтүстік жаңалықтарын қалың көрерменге дер кезінде жеткізуге ат салысып келемін. Бодандықтан... бостандықтың қадірін жақсы білемін, еркіндікте ғана еркін көсіліп, мақала жазып жүрмін. Халық пен билік арасындағы алтын көпір саналатын мәртебелі мамандығымның абыроймен атқаруға әрқашан ниеттімін.

Медетхан.jpg

Медетхан ЖҮНІСБЕКОВ, оператор, жеке кәсіпкер: ҮЛКЕН МӘРТЕБЕ

Осыдан 28 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстан деген елдің бар екенін төрткүл дүние білді. Бүгінде, азаттықтың жаршысы болған көк аспанымызда желбіреген Туымыз бар, бір шаңырақ астына біріктіріп, жұлдызда аспанда қанатын қағып жүрген пырақтай өр, өжет халық екендігімізді көрсететін Елтаңбамыз, қазақ мемлекетінңғ өз мүддесі, міндеті бар екендігін көрсететін Ата Заңымыз бар, бүкіл жұрт қосыла шырқайтын Әнұранымыз бар. Осыны көріп өскен біз - бақытты ұрпақпыз. Мен тәуелсіздік құрдасы екенімді мақтан тұтамын. Еліммен бірге өсіп келе жатқаныма қуанамын. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бастап, көптеген қиындықтар мен тоқырауларды бастан өткерді. Қандай қиындықпен бетпе-бет келсе де ешбір мойынсұнбай, биіктігін, өрлігін сақтап қалды. Міне, сол бір қиын-қыстау кезеңдегі аз ғана сабырлық, елімізді дамыған мемлекеттердің қатарына жәймен қосып келе жатыр. Оның айқын дәлелінің бірі – міне біз. Тәуелсіздік құрдастары. Менің осы күнге келіп, өсіп жетілуім егемен еліміздің бейнесі. Себебі, тұрақты жұмысым бар, өз ойымды кедергісіз толық жеткізе аламын және алдағы мақсаттарым мен армандарым айқын. Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде көптеген жетістіктерге жеттім. Қазіргі таңда, мемлекеттік қызметкермін және жеке кәсібім бар. Мемлекеттік жұмысымды абыроймен атқарсам, соның өзі үлкен мәртебе. Әркім өз жұмысын өз деңгейінде атқарса белгілі бір жобаны ұсынудың қажеттілігі туындамайды

Анет.jpg

Анет КУЛЬСАРИЕВ, редактор, жүргізуші: ТӘУЕЛСІЗДІК - ЕРКІНДІК

Ең әуелі тәуелсіздік ұғымына тоқталсақ. Тәуелсіздік – еркіндік. Ал, еркіндік әрбір адамда болуы тиіс маңызды нәрсе: таңдау еркіндігі, сөз еркіндігі, ой еркіндігі. Сондықтан тәуелсіздікті тек адам үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды құндылық деп санаймын. Қазіргі таңда, маркетолог болып жұмыс істеймін. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде контент жасаймын. Сонымен қатар, «стендап» деп аталатын әзіл жанрын ұнатамын. «Сен: айта бер» стендап қозғалысының көшбасшысы болғанмын. Әрине, елдің 30 жылдығы бүкіл Қазақстан халқы үшін үлкен оқиға. Бірақ мен өзімнің амбицияларымды, мақсаттарым мен жобаларымды күнтізбенің қызыл күндерімен байланыстырмаймын және оларды біреулер үшін жасамаймын. Өзімнің қажеттіліктеріме және талаптарыма көбірек көңіл бөлемін. Ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығына орай менің барлық жоспарларым орындалады және көрсететін нәрсе болады деп сенемін.

Нұрила ЖҰМАДІЛЛӘ

«Виа Гра» тобында қазақ қыздары ән салуы мүмкін
Қалаулымда той. Жобадағы қос қатысушы отау құрды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу