Қазақстанда шетелдік студенттердің саны артып келеді
Әлемнің үздік университеттерінің QS WUR рейтингісінде еліміздің 10 жоғары оқу орны үздіктер қаратынан көрінді. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо сайтына сілтеме жасаған OINET.KZ сайты.
«2016-2017 оқу жылымен салыстырғанда жоғары білім беру саласындағы шетелдік студенттер саны 8,9 мың адамға артып, бүгінде 21,7 мыңға жетті, студенттердің жалпы санының үлесі 4% құрайды. Сол сияқты әлемдік тәжірибеге сай 50 ЖОО-да қос дипломды білім беру бағдарламалары бойынша оқыту жүргізілуде. Жыл сайын бакалавриат мамандықтары бойынша ағылшын тілінде 10 білім беру бағдарламасы енгізіледі. Одан бөлек, 2018 жылдан бастап 318 шетелдік ғалым дәріскер ретінде шақырылды, сонымен қатар, ағылшын тілінде білім беру бағдарламаларын және әдістемелік құралдарды әзірлеуге қатысады. Әлемнің үздік университеттерінің QS WUR рейтингісінде еліміздің 10 жоғары оқу орны үздіктер қаратынан көрінді», - деді ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҚР Парламент Мәжілісінің отырысында.
Бүгінде шетелдік студенттердің Қазақстанға келуі жыл санап артса, керісінше отандық түлектердің шетелде оқуы азайып келеді.
«Жыл сайын жоғары оқу орындарында кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемі өсуде. Биыл мемлекеттік тапсырыс 66 556 орынды құрайды. Сондай-ақ, PhD докторларын даярлауға мемлекеттік тапсырыс 3,5 есеге және магистрлерді даярлауға 2 есеге жуық артты. Мемлекеттік тапсырыстың артуы, ҰБТ, КТ қайта тапсыру нәтижесінде жоғары білімге қолжетімділік кеңейтілді, сондай-ақ студенттердің сыртқа кетуі қысқарды. Мысалы, 2018 жылы ШҚО-ның 636 түлегі басқа елдердің оқу орындарына түсті, оның ішінде 624-і Ресейде, 12-і Қытай, Чехия, Германия, Канада, Грузияда оқиды», - деді ол.