Мектеп бітіруші түлектердің Ұлттық бірыңғай тест тапсыратын кезі де келіп жатты. Өткен жексенбіден бастап талапкерлер 11 жыл бойы жинаған білімдерінің деңгейін көрсетуге кірісті. Білім додасында бақ шаба ма, әлде бап шаба ма? Өкінішке қарай, тест білімінің бабы келіскендердің емес, жылдағы әдетінен жаңылмай ебін тапқан пысықайлардың бағын асырып жатыр. Естіген құлақта жазық жоқ. «Биылғы ҰБТ-дағы көзбояушылық, заңсыздық өзінің шарықтау шегіне жетті» дейді редакцияға хабарласқан оқырмандарымыз.
Күні кеше ғана Шардара ауданынан бір азаматша телефон соқты. Аты-жөнін айтуды қаламады.
--Біздің мектеп директорымыздың күйеу баласы рэкет. Ұлттық бірыңғай тест тапсыру науқанында білгенін істеп, былық-шылыққа белшесінен батып жүрген директордың үстінен арыз жазсаң, шағым айтсақ, әлгі рэкет күйеу баласынан қып-қызыл бәлеге қаласың,--деді ол. --Бірақ айтып отырған сөзімде бір ауыз өтірік жоқ. Осы оқиғаның ортасында жүріп, әділтесіздікті көріп-біліп отырған соң айтпасқа амалым қалмады. Шардарада былтырғы тест тапсыру да әділетсіздікпен өтіп, білімі төмен талай түлек жоғары балл жинаған еді. Жоғары оқу орнына түскен солардың біразы білімін жалғастыра алмай, қайтадан ауылға келіп қалғанын көзіміз көрді. Биыл да келеңсіздіктер жалғасып жатыр. Түлектердің алғашқы легі тестті 5 маусымда тапсырды. Жыл басында-ақ біздің мектеп директоры қалталы азаматтардан ақша жинап, «балаларыңызды тесттен сүрінбей өткіземіз» деп, уәдені үйіп-төккенін елмен бірге естідік. Басқа мектептің директорлары да оңай олжаға кенелуге келгенде қарап қалған жоқ. Олар осы жолы сол уәделерін орындау үшін қолдарынан келгеннің бәрін істеп бақты. Емтихан кезінде ата-анасы ақша беріп қойған түлектерге ешқандай шектеу қойылған жоқ. Ұялы телефонды, «шпаргалканы», тіпті дайын жауаптарды емін-еркін пайдаланды. «Әй деп жатқан әже, қой деп жатқан қожа жоқ». Емтихан барысын қадағалаған қауіпсіздік қызметкерлері де, бақылаушылар да көз жұмып отыра берді. Шамасы сыбағаның бір бөлігі олардың да мұртын майлап тастаса керек. Есесіне қалтасы жұқа әр түлектің басына бір-бір қарауыл қойылды. Жаза басса, емтиханнан шығарып жібереді. Осындай көпе-көрінеу әділетсіздікке қалай төзесің? Тіпті, «Шардарада қызды-қыздымен тест тапсырған түлектердің көрсеткіші республика бойынша алдыңғы орынға шығып кетіп, оған жоғарыдағылар не сенерін, не сенбесін білмей отыр екен, арнайы комиссия жіберіпті» деген де әңгімелер шығып жатыр. Күні ертең абыройымыз айрандай төгіле ме, әлде келген комиссия аузы-бастары майланып Астанаға түкті тындырмай қайта ма?
Оқырманның айтып отырған әңгімесі негізсіз емес. Осы аптада республикалық бұқаралық ақпарат құралдары Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал, Шардара, Сайрам аудандарында тест тапсырған 500 оқушының 400-і 120 баллдан жинағаны, бұған сенімсіздік білдірген Білім министрлігі арнайы құрылған комиссияны тексеру үшін осы өңірге аттандырғаны жөнінде мәлімет таратқан болатын. Алайда бұл тексеруден жұрт оң нәтиже күтіп отырған жоқ. Өйткені Білім министрлігінің өзі де шардаралық шәкірттердің вундеркинд екендігіне шек келтірмеген сыңайлы. Ел арасында «Мәссаған, егер ҰБТ болмаса оқушыларымыздың данышпан екенін өмір бақи білмей өтер екенбіз-ау» деп жағасын ұстап отырған ұстаздар да жетерлік көрінеді.
Төле би ауданынан хабарласқан бір оқырманымыз да ҰБТ кезіндегі қызық пен шыжықты әңгімелеп берді. Мектептердің бірінде өткен тест тапсыру кезінде шәкірттер емтиханға ұялы телефонның 3-4-еуін, енді біреулері фотоаппаратты алып кіріпті. Фотоаппаратты қайтеді дейсіз бе? Түлектер математика пәнінің сұрақтарын суретке түсіріп, флешкасын сыртқа беріп жібереді екен. Ал, сыртта тест тапсыру ғимаратына жақын орналасқан пәтерлерді күні бұрын жалдап қойған мұғалімдер іштен келген сұрақтарды қабылдап алып, дұрыс жауаптың нөмірін ұялы телефон арқылы хабарлап жатыр дейді. Құдды тыңшылар тәрізді. Мұғалімдердің әр сұраққа берген жауап үшін күні бұрын белгілеп қойған ставкісі де қомақты көрінеді... Ұстазды да, түлекті де тыңшы қылған ҰБТ-да бұдан кейін қандай қадір қалды дейсіз?!
Қазығұрт ауданының орталығындағы бір мектепте өткен тест тапсыру кезінде сыртта тұрған азаматтар мектеп ғимаратының терезесін таспен атқылап, қиратып тастапты. Неге дейсіз бе? Сыртта жүрген азаматтар талапкелерге дайын жауап жазылған шпаргалкаларды тасқа орап, терезе арқылы ішке лақтырған дейді. Қазір аталған ауданда бірнеше азамат осындай бұзақылығы үшін полицияның алдында жауапқа тартылып жатқанға ұқсайды.
Ал, Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен тест тапсыру кезінде төтенше жағдай орын алды. Талапкерлерге тест сұрақтары үлестіріліп болған кезде, полицияға университет ғимаратына бомба қойылғаны жөнінде ақпарат келіп түскен. Бірнеше құзырлы органдардан жасақталған топ тез арада 650 түлекті ғимараттан шығарып, қауіпсіз жерге көшірген. Бомба туралы ақпараттың анық-қанығы әзірге белгісіз.
Осылайша көзбояушылыққа, бұзақылыққа, күдік-күмәнға толы Ұлттық бірыңғай тест тапсырылып жатыр. Бұған облыстық білім басқармасының басы ауырып отырған жоқ. Егер түлектер тест тапсыруда жоғары көрсеткішке жетіп жатса, басқарманың неге басы ауырсын?! Тест тапсырушылар шетінен жоғары балл жинап, оңтүстіктің даңқын асырып жатса, дау-дамайдан, сыннан көз ашпай келе жатқан басқарманың бастығы Туғанбаевтың да мұртын балта шаппасы белгілі. Әлі көрерсіз, ертең мектеп бітірушілердің жетістігі талай жиындарда, баяндамаларда аталып өтіп, өзгелерге үлгі етілері айдан анық. Алайда көрсеткіш қуалаған, көзбояшылықпен келген, тест кезіндегі әділетсіздіктің кесірінен оқуына түсе алмаған жас түлектің көз жасына шыланған абырой-атақтың құны қаншалықты қымбат?! Тест тапсыруға рэкет араластыру деген сұмдық қой. Ендігі жетпегені осы еді.
Oinet.kz мұрағатынан