«Табылдиевтің кезінде ауыз су аздап берілетін, қазір ол да жоқ»
Кентаудағы ауыз су мәселесі шешімі табылмағандықтан шиеленісіп барады. Қаланың бұрынғы әкімі Көктембек Табылдиевтың қызметінен қош айтысуына «Таза су» бағдарламасының талапқа сай орындалмағаны «оң септігін» тигізгені белгілі. Бүгінде Табылдиевпен ат ауыстырған қазіргі қала басшысы Нұржігіт Қалмырзаев үшін де ауыз су басты бас ауру болып тұр. Кентау қалалық мәслихатының депутаты Мұхан Тұрысбеков телефон арқылы қалыптасқан ахуал жайында «Рейтинг» газетіне өз пікірін ашық білдіріп, мәселе ушыға түссе ертеңгі күні халықтың ереуілге шығуы мүмкін екенін ескертті.
-Ауыз су мәселесін көптен бері көтеріп жүргенімді көпшілік біледі. Хантағы ауылының қариялары таяуда тағы келіп, халықтың ауыз судан қиналып отырғанын жеткізді. Қаладағы көпқабатты үйлер де сасып кеткен. Ал биліктегілер «жұмыс жүріп жатыр» деп ертегі айтып отыр , - дейді мәслихат депутаты Мұхан Тұрысбеков. - Өзім дәрігермін. Науқас адамды қараған соң дәрігерлер қолын сабындап жууы керек. Оған да су таппай қиналудамыз. Кентауда бауыр және рак аурулары көбейіп кетті. Ауыз су мәселесін мәслихаттың екі сессиясында да көтердім. Әкім «өзім де суды тасып ішемін» деп шарасыздық танытты. Оның осылайша ақталуына құқығы жоқ деп есептеймін.
Жалпы, мәселенің барлығы ақшаға тіреліп тұр. «Кентаусушар» атты су беруші мекеме қарызға белшесінен батты. Германиядан жеткізілген сорғыны қосатын болса барлығына су жетер еді. Бірақ ол құрғырдың электр энергиясына кететін шығыны тым көп екен. Осының салдарынан кәсіпорынның қарызы 53 миллион теңгеге жетіпті. Мекеме жергілікті әкімдікке қарамайтындықтан оған бюджеттен қаржы бөлдіре алмаймыз. Ал республикадан ақша бөлінбей отыр.
Осыдан біраз жыл бұрын экс-әкім Жарылқасын Тұрабаев шахтаның суын ішуге жарамды етіп көрсетуге тырысты. Ақша бөлдіріп, Алматыдағы базбір мекемелерді зерттеу жұмыстарына тартып, олардың берген қорытындысан алға тартты. Біз оған қарсы шықтық. Қалай дегенмен ішуге мүлдем жарамсыз улы зат қой. Бұрынғы әкім Көктембек Табылдиевтің уақытысында су аздап болса да кестемен беріліп тұрды. Қазір ол да жоқ. Күні кеше сусыз қалған бірнеше көшенің тұрғындары наразылығын білдіру үшін әкімдікке барды. Сөйтсе әкім бүкіл командасымен есеп беруге Шымкенте кетіп қалған екен. Әкімдікте қалған азаматтар кешке дейін суды арнайы көлікпен жеткізіп беретінін айтып еді, бұл да мұзға жазылып, күнге еріген құрғақ уәде болып шықты. Қаланың кейбір аймақтарында су беріліп жатқан болар, бірақ сусыз отырған адамдардың саны өте көп. Бұл жағдай қашанға дейін жалғаса бермек? Осыдан кейін ереуілге шықсақ па деген ой келді. Ереуіл десе әкімқаралар зәре-құты қашады. Есесіне мәселені Үкіметке, премьер-министрге дұрыстап жеткізе алмайды. Солардың айта алмағанын халық болып айтайық онда. Халық көшеге шықсын, мәселені ашып айтсын. Мемлекетте ақша жоқ емес, бар ғой. Жыламаған балаға емшек жоқ, бәлкім осыдан соң Астана жақ Кентауға көңіл аударар деген ойдамыз.
Р.S. Депутат Тұрысбеков ереуілге шығуға рұқсат алу үшін осы аптада жергілікті әкімдікке өтініш беретінін жасырмады. Бұл әрекеттен қандай нәтиже шығатыны әзірше белгісіз.
Oinet.kz мұрағатынан