«ИА REGNUM» компаниясы мен «Аналитикалық ресурстар студиясы» жуырда облыс әкімдері мен Алматы, Астана қалалары әкімдерінің экономика саласы бойынша рейтингісін жариялады. Әуелі рейтингке қаншалықты сенуге болатынына тоқталайық. Сарапшылардың айтуынша, әкімдердің жұмысын салмақтауға Статистика агенттігі мен Қаржы министрлігінің мәліметтері негізге алыныпты. Яғни, анау-мынау емес, Үкіметтің ресми құжаттары пайдаланылған. Рейтинг бес көрсеткіштен тұрады, атап айтқанда жұмыс істеп тұрған компаниялардың саны, бюджетке түскен салық түсімдері, негізгі каптиалға салынған инвестиция көлемі, жұмысшылардың жалақысы және жалдамалы жұмысшылардың саны. Барлық көрсеткіштер былтырғы жылдың осы уақытындағы мәліметтермен салыстырыла отырып жасалған.
Оған сенсек, республикадағы 14 облыс пен қала әкімдерінің рейтингісінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов бірінші орын алыпты. Екінші орында Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев, үшінші орында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов тұр. Ал, былтыр рейтингте төрді бермей жүрген Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов төртінші орынды, жуырда ғана Президенттің іс басқарушысы қызметіне тағайындалған бұрынғы Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов бесінші орынды, Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев сегізінші орынды, Бердібек Сапарбаев тоғызыншы орынды иеленсе, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов 11-ші орынға тұрақтапты. Ал, соңғы орында Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақытқожа Ізмұхамбетов. Асқар Мырзахметовтың саясат сахнасында ауыр ойыншылар болып саналатын шенеуніктерді несімен шап қаптырып кетті?
1-орын. Асқар Мырзахметов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі.
Сарапшылардың айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысы кейінгі жылдары экономкалық жағынан өрлеуге бет алған. Әсіресе, бұл өңір жұмыс істеп тұрған компаниялардың саны жағынан алға шыққан. 2010 жылдың ақпан айында облыста жұмыс істеп тұрған компаниялардың саны 11 241 болса, биылғы осы мерзімінде ол 13 066-ға жетіп, 16,2 пайызға өскен. Осы көрсеткіш бойынша екінші орын алған Қарағанды облысында жұмыс істеп тұрған компаниялардың саны 4,6 пайызға ғана көтерілсе, республиканың 11 облысы мен қаласында керісінше кеміп кеткен. Мәселен, тізімнің соңында тұрған Ақмола облысында 15,2 пайызға кеміген. Оңтүстікте жұмысшылардың жалақы қоры аталған уақыт ішінде 25,3 пайызға өсіп, республикада үшінші орын шыққан. Салық түсімі жөнінен тоғызыншы орынға, негізгі каптиталға салынған инвестицияның көлемі жағынан үшінші орынға, жалдамалы жұмысшылардың санынан бесінші орынды иеленіпті. «Оңтүстік Қазақстан тұрғындарының саны жағынан ірі облыс болып саналады. Облыста 2,5 миллион халық тұрса, оның 60 пайыздан астамы ауылға тұрады. Асқар Мырзахметов жаңа заманның адамы. Кәсіпкерлікті бір кісідей біледі. Тоқсаныншы жылдары кәсіпкерлік ұйымдарға жетекшілік еткен. Бұдан кейін «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясын басқарды. Ауыл шаруашылығы министрі болды» дейді сарапшылар.
2-орын, Қанат Бозымбаев, Жамбыл облысының әкімі.
Жамбыл облысы инвестиция көлемінің өсуі жағынан республикада бірінші орынды алған. Ал, жұмысшылардың жалақы қоры бір жыл ішінде ширек есеге өскен. Сонымен бірге былтырғы жылмен салыстырғанда Жамбылда салық түсімі де анағұрлым жақсарған. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада үшінші орынды алып отыр.
«Қанат Бозымбаев облыс әкімдерінің ішіндегі ең жасы. Кезінде ірі мекемелерде басшылық жасаған. Атап айтқанда «Самұрық» холдингінің басқарма төрағасы, «Қазақстан электр жүйелерін басқару компаниясының» президенті болған,--депті сарапшылар. Бірақ экономикада тәп-тәуір жетістікке жеткен Қ.Бозымбаевтың облыс активін жұмылған жұдырықтай қылып ұстауға шамасы жетпей жатқаны баспасөзде жиі жазылып жүр. Ауызбіршілігі ажырап, басы бірікпеген команданың күні ертең Қанат Бозымбаев жинаған беделіне көлеңке түсірмесе деңіз.
Үшінші орын Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі.
--Астана қаласы экономкалық жағынан әзірге тұрақтылықты сақтап тұр. Жоғарыдағы бес көрсеткіштің төртеуінде Елорда алдыңғы орыннан көрініпті. Бір айта кетері, бас қаланың экономикасына салынған инвестицияның көлемі биыл 50 пайызға өскен. Бұл жуық арада қаланың әлеуметтік-экономикасына оң ықпал етуі мүмкін,--дейді сарапшылар. Ал, Иманғали Тасмағамбетовтың еңбек жолын жалпақ жұртқа таныстырып жату артық болар. Халыққа танымал тұлға, ұлтжанды азамат. Кейінгі кездері интернетте «Иманғали Нұрғалиұлының Елбасымен арада қара мысық жүгіріп өтіпті» деген мазмұндағы сыбыстар тараған еді. Бірақ сайлаудан кейін мемлекет басшысы оған Елорданың тізгінін қайта ұстатты. «Тамағамбетовтың мен үшін ең маңызды саналатын Астананы көркейту үшін үлкен жұмыстар атқаратынына сенемін» деді Елбасы. Мемлекет басшысы ең маңызды орынды тек өзі айтқандай сенімді кадрларына берсек керек.
Oinet.kz мұрағатынан