Шетелге қашқан қазақстандық шенеуніктер

Screenshot_25.jpg

Елордамыз – Астана, ал Алматының оңтүстік астана атанып жүргені  белгілі. Ал шетелге қашқан қазақстандық  шенеуніктер  биліктің бишігін ұстағандардың арасында «солтүстік астанамыз – Лондон, оңтүстік астанамыз – Дубаи» деген қағида қалыптастырды. Онысы рас. Мемлекеттік қазынаның қаржысын қалтасына басып, шетел асқан шенеунік те, кәсібі өрге домалаған бизнесмен де осы екі қалаға қоныс аударуға құмар. Неге?..

Бірден айтайық, әсіресе Лондонның бүгінде қазақ халқы үшін жөні бөлек, жосығы ерек. Спортшыларымызға  толағай табыс сыйлаған Олимпиада ойынын ғана меңзеп отырғанымыз жоқ.  Шудың шеті шықса болды Лондонға тұра қашу, сөйтіп сол елдің аса қымбат бағаланатын жылжымайтын мүліктерін сатып алу, экономикасын өркендетуге іскерлік бағыттағы өзге де жолдармен өлшеусіз үлес қосуға жанталасу  қазақстандық экс-шенеуніктер мен билікпен келісе алмаған бай-манаптарымыздың  бұлжытпай орындайтын басты қағидасы бола бастады. Мұндай таңдау жасағандарды  біздің құзырлы органдардың барынша құлшыныспен жан-жақты қолдайтыны соншалық, олар жаңа қонысқа әбден жақсылап тұрып жайғасып алғанша, жиған-терген көл-көсір дүниелерін түп-түгел шашпай-төкпей көшіріп әкеткенше ешқандай кедергі келтірмейтін мол мүмкіндіктің бәрін әдеміле-е-е-еп «заңдастырып» қойған. «Соқыр теке» ойынындағы  сияқты  басқалар қашан мықтап тығылып біткенше көзі орамалмен байланған күйі  санауын жалғастыра беретін аңғал баланың қылығын әрдайым жаңылмай қайталап, содан соң барып жанұшыра іздейтіндері қайран қалдырады.  Осындай «тамаша тапқырлық пен керемет қамқорлық» көзге шыққан сүйелдей көрініп тұрғанда Ағылшын королдігі Қазақстандағы саяси жүйе қуғындаған «құрбандардықтарды» асқан мейірімділікпен құшақ жая қарсы алмай жын ұрып па?  

Лондон төріне  өте мол жасау-жабдығымен бірге «ұзатылып», оңашалау отау тігіп алған  қазақстандық шенеуніктердің көшін атышулы экс-премьер Әкежан Қажыгелдин бастап тұр. Оның Лондонның «пропискасына» тіркелгеніне 15 жылдың жүзі толды. Адам түгілі шайтанның қаперіне кіріп шықпайтын тосын сценарийі, тың идеясы таусылмайтын бұрынғы атақты банкир, бір кездері  биліктің биік астауынан тойғанша ас ішіп, артынша   оппозицияға қалай ат ауыстыратынын тым терең ойластырып тастаған Мұхтар Әбіләзов та осы Лондонның ауасын жұтып ғұмыр кешуде. Бұлайша атап айта берсек ағылшындардың астанасын «біздіңкі» деп таласудан тайсалмайтын атқамінерлеріміз аз емес. Дәл қазіргі кезде сайқал саясаттың «хит тақырыбы» болып тұрған Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиев пен экс-мәжілісмен ағасы Аманжанның да Тұманды Альбион елінде   «емін-еркін қыдырып» жүргендері жайлы ақпарат  бар. Лондонға қашқан қазақстандық шенеуніктер ағайынды Рысқалиевтермен шектеле қоймас, сірә.

Даңқты «Қазақмыс» корпорациясының қожайыны, қазақстандық №1 миллиардер Владимир  Кимнің жұмысы да, үйі де осы Лондонда. Сенесіз бе, Кимнің кәсібі де, байлығы да қазақ жерінде, бірақ сол байлыққа иелік ететін штаб-пәтері Лондонда. Машкевич-Шодиев-Ибрагимов үштігі де осы жақты  екінші үйі есептейді, бәлкім бірінші үйі санайтын да болар. Үшеуінің  де тұрғылықты жері – Лондондағы элитаның элитасы саналатын «Гайд парк», «Ноттинг Хилл», «Рирджентс парк» секілді ықшамаудандар. Мұндағы тұрғын үйдің бір шаршы метрі 60-70 мың евро тұрады. Осыдан бірер жыл бұрын ағылшын баспасөзі Тимур Құлыбаевтың, Кеңес Рақышевтің және басқа да қазақстандық олигархтардың Лондонның қымбат аудандарынан элиталық тұрғын үй сатып алғандығын жарыса жазды. Бір ғана мысал. Ханзада Эндрю өз иелігіндегі Саннингхилл Парк резиденциясын  Иманғали Тасмағамбетовтың туған күйеу баласы  К.Рақышевқа  15 миллион фунт стерлингке (23,6 миллион доллар) сатып жіберген. Сатушы да, сатып алушы да мәз.  

 Қазақстандық қалталылардың Таяу шығыс елдеріне деген   қызығушылығы да жоғары. Әсіресе, қазақстандықтарға жұмақ болудан Дубаи алдына жан салмай тұр. Мұнда министрлер, әкімдер мен депутаттардың  қыруар қаржысы шоғырланған. Дубаи - өмір сүруге аса қолайлы, шетелдіктер үшін пейіш болуға пара-пар ірі мегаполис.  Кезінде қаржы полициясын, кейінен Ақмола облысының әкімі, қазір Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы  Қайрат Қожамжаровтың төңірегінде туындаған дау-дамайдың бір ұшы да Дубайға барып тіреледі. Базбір ақпарат құралдарында оның жұбайы Салтанаттың атында Дубаи банкінде 18 миллион АҚШ доллары, сонымен қатар осы қалада зәулім вилласы бары жазылған болатын. Бұл дерек ресми түрде өз дәлелін таппағанымен «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» ғой. 

Дубаи әсіресе әр елден бас сауғалап келген қашқындар үшін қолайлы мекен. Ресей, Сирия, Қырғызстан секілді елдердің экс-шенеуніктері, іздеуде жүрген ұры-қарылар осында ұмтылады. Бас прокурордың орынбасары Иоган Меркель Араб Әмірліктерінің аумағында құқық қорғау орындары іздеу жариялаған 7 азаматымыздың  жасырынып жүргенін мәлімдеген болатын. Қазақстан билігімен жасырынбақ ойнап жүргендердің ішінде Статистика агенттігінің бұрынғы басшысы Анар Мешімбаева да бар.  2009 жылғы жалпыхалықтық санақтан соң, ол 758 миллион теңгені қалтаға басып, Дубаиға тайып  тұрған. Прокуратура төрт жылдан бері А.Мешімбаеваны Араб әмірліктерінен қайтара алмай әлек.  

Мұрағаттан: 07.02.2013

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: