Облыс әкімі Асқар Мырзахметов жарты жылдықтың қорытындысы бойынша аудан, қала әкімдерінің есебін тыңдауды бастады. Нендей тірлік тынып, қандай тапсырмалар орындалмай тасада қалып қойды? Бұған дейінгі айтылған сын-ескертпелер қаншалықты жүзеге асты? Әлбетте, әкімдер баяндамаларында атқарылған оң тірліктерге басымдық беруге, былайша айтқанда өз жұмысындағы «жаманын жасырып, жақсысын асыруға» бейім келеді. Әйтеуір, қағаз жүзінде барлығының тірлігі тап-тұйнақтай. Өнім өндіру көлемінің көбейгенін, ауыл шаруашылығының үлкен қарқынмен дамып келе жатқанын алға тартып сайрай жөнелу кез-келген әкімнің қолынан келетін тірлік. Бірақ... бұрынғы облыс басшысы Әшімовтың тұсындағыдай 15-20 минөтте баяндамасын зырылдатып оқып, есептік жиналысты аман-есен еңсеріп тастау деген қазір атымен жоқ. Облыс басшысы Асқар Мырзахметовтың өзекті мәселелерді міндетті түрде егжей-тегжейлі қарайтыны белгілі. Тіпті «қызметке кіріскеніме үш айдан енді асты» деп ақталуға да жол жоқ. Олай дейтініміз, атқарылған жұмыстары жайлы алғашқы болып есеп берген Қазығұрт ауданының әкімі Болатбек Қыстауов пен Ордабасы ауданының әкімі Данияр Тілеубергенов осы қызметтеріне биыл сәуір айында тағайындалған. Соған қарамастан, қос әкім тарапына де сыни пікірлер аз айтылған жоқ. Әсіресе, Тілеубергенов оңбай сыналды. Жұмысында көп кемшіліктің барын аудан әкімінің өзі де мойындағандай болды. Басқасын айтпағанда, Темірлан ауылындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың мәселесі тым баяу шешіліп жатқаны ақпарат құралдарында жиі жазылып жүр. Бәлкім, Ордабасы ауданы басшысының жұмысы енді ширайтын болар...
Айта кетерлігі, аудан әкімдері өздері айтқысы келмеген кемшіліктерді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек Мамытбеков тізіп берді. Оның баяндамасынан ұққанымыз, мемлекеттің қаржысына салынған нысандардың сапасына қатысты партия тарапынан жан-жақты тексеру жүргізіліп, нәтижесінде көптеген келеңсіз жайттар анықталған екен. Мәселен, Ордабасы ауданы Амангелді елді мекеніндегі 300 орындық Ғ. Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінің ғимараты 2009 жылдың мемлекеттік қабылдаудан өткен. Бірақ, құрылыс жұмысының сапасыздығы соншалық, тендерді жеңіп шыққан мердігер «Асыл мұра» ЖШС биыл мамыр айында қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуіне тура келген. Соның өзінде жұмыс сапасыз жүргізіліп, толық аяқталмаған. Мектеп ғимаратының дәліздерінің кафельдері бір деңгейде төселмегені, ішкі әрлеу жұмыстарының төмен сапада жасалғаны, мектеп қабырғаларында жарықтар пайда болғаны комиссия мүшелерінің назарынан тыс қалмады.
Қараспан ауыл округі Семхоз ауылында да дәл осындай жағдай. Қ.Сәтбаев атындағы жалпы орта мектеп үш жыл бұрын пайдалануға берілгенімен, ғимараттың қабырғалары жарыла бастады. Бірінші қабаттағы едендер төмен түсіп кеткен. Кафель де төселмепті. Қазіргі таңда ауданда 5 мектептің құрылысы жүргізіліп жатса, соның үшеуінде кестеден кешігу байқалып отыр.
Ордабасы ауданының бірнеше ауылы ауыз су азабын тартып келеді. Мәселе қаржының жоқтығында емес, сол қаражатты игеруде болып отыр. Айталық, 2010-2011 жылдарда Бөген ауылында «Жас Отан» атты фирма су жүйесінің құрылысымен шұғылданыпты. Алғашқыдағы жұмыс қарқыны тәп-тәуір болғанымен, компанияның кейінгі тірлігі қожырап, ақыры жұмысын аяқтамай тастап кеткен. Биыл сол мердігер қайта оралыпты. Алайда, бұдан жағдайдың өзгерген түгі де жоқ. Тұрғындар сусыз отыр. Қазір атқарылып жатқан жұмыста көптеген кемшіліктердің орын алғаны анықталды. Су құбырлары арықтың асты тегістелмей тасталуда. Ауыз су тарататын құдықтардың асты цементтелмей қойылуда. Әлбетте, мұндай тиянақсыз жұмыстың ертеңгі күні құбырлардың жарылуына, түптеп келгенде су жүйесінің өз деңгейінде жұмыс істемеуіне әкеп соғатыны жасырын емес. Төрткөл ауылының да тұрғындары наразы. 2010 жылы тендерде ұтқан «Раустрой» атты компания сапасыз құрылыс материалдарын пайдаланғандықтан құбырлар қайта-қайта жарылып, жұртты әбден әбігерге түсірді. Былтыр бюджеттен қосымша қаражат бөлініп, 13 миллион теңгеге 2,5 шақырым құбыр қайта ауыстырылған. Бірақ, бұдан да қайыр болмады. Биыл жөндеу жұмыстарына 68 миллион тағы бөлініпті. Оның қалай игерілетінін уақыт көрсете жатар.
Мұндай кемшіліктер Қазығұрт ауданында да шаш-етектен. Көкібел ауыл округінде екі жыл бұрын пайдалануға берілген Қызыл-ата негізгі мектебіндегі спорт залының едені шіріп кеткен. Терезе жақтаулары мен ғимараттың цокольдік бетондары жарылып түсуде. Қарабау ауыл округіндегі Ащы - Қарабау ағын су каналы жүйесінің құрылысынан да шикілік шықты. Мұнда су жинағыш бөгет суға шайылып, жарамсыз күйге ұшыраған. Енді күрделі жөндеуді қажет етіп отыр. Құрылысы 2010 жылы аяқталған Шарбұлақ ауылдық емханасының бөлме аралық қабырғалары жарылып, фундаменті отырған. Мердігер мекеме кайта жөндеу жұмыстарын жүргізгеніне қарамастан жағдай өзгерген жоқ. Қысқасы, бюджеттің қыруар қаржысына салынған осындай әлеуметтің маңызы зор нысандар жұрыстап пайдалануға берілмей жатып-ақ күрделі жөндеуді қажет етуде. Осындай кемшіліктерді болдырмау ең әуелі аудан басшысының жұмысы емес пе?
Жалпы, кадрлық мәселеге келгенде Асқар Исабекұлының ауыс-түйісті ымырасыз жасайтыны, кесімді шешім қабылдайтыны белгілі. Көңіліне жақпаған, жұмысын дұрыстап алып жүре алмаған шенеуніктің мәселесін көпке созбай шешіп тастайтыны бар. Қызметіне кіріскеніне алты ай да өтпей жатып аттан ауып түсіп жатқан кейбір әкімдердің тағдыры бұған дәлел. Қалай десек те, есеп беру науқаны басталып та кетті. Оның нәтижесі қандай болады екен? Әліптің артын бағалық...
Мұрағатан: 19.07.2012